Қазақстанда Чемпиондар лигасының гимні қайта шырқалады
Бүгін футболдан тарихи матч.
Алматылық “Қайрат” чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Селтикпен қарымта кездесу өткізеді.
Отандық клубтың мәліметінше, билет сатып алуға 100 мыңнан астам өтінім келіп, рекордтық деңгейге жеткен. Алыпсатарлар әдеттегідей билет бағасын аспандатып, 4-5 есе қымбатқа сатып жатыр.
Қазақстанда араға 10 жыл салып, Чемпиондар лигасының гимні қайта шырқалады. Алматылық “Қайрат” 71 жылдық тарихында тұңғыш рет еурокубоктік іріктеудің соңғы кезеңінде ойнап, топтық кезеңге шығуға бір табан жақын тұр. Қарсылас Шотландияны шаттыққа бөлегісі келетін “Селтик” құрамасы.
Руслан Бақытжан, сарапшы:
- Сырт алаңдағы 0:0 есебінен кейін Қайратта чемпиондар лигасының жауапты кезеңіне өту мүмкіндігі көбейді. Сондықтан біздің командаға сәттілік тілейміз. Селтиктің барлық ойындарын алатын болсақ сырт алаңда соңғы рет 2021 жылдың 9 қарашасында Ференцварошты 3:2 есебімен жеңген екен. Міне 4 жыл болды. Селтик сырт алаңда еурокубоктарды өте сәтсіз ойнайды.
Иә, Селтик Қазақстанда бір де бір рет жеңіске жетпеген. Әуелі 2013 жылы қарағандылық Шахтерге, 2017 жылы Астанаға ұтылды. Және бір мәрте тең тарқасқан. Бірақ сырт алаңда отандық клубтардың жолы болмады.
Жандос Айтбайұлы, сарапшы:
- Енді қарымта ойында жұрттың бәрі айтып жатыр 50 де 50 Қайраттың мүмкіндігі мол деп. Мен айтатын едім 60 та 40 Селтиктің мүмкіндігі мол. Иә, Селтиктің сырт алаңда керемет ойнап жүргені шамалы. Бірақ Қайраттың ойынын жүргізетін Дастан Сәтбаев алаңға шықпайды. Бұл жерде алғашқы ойында Уразбахтиннің қателігі деп айтар едім. Біледі сары қағазы бар екенін. Және негізгі уақыт аяқталып, төрешілер 10 мин қосты. Сол кезде жас бала шаршады. Оны ауыстырып тастаса да ешқандай кедергі істемейтін еді команданың сол ойынына. Біріншіден, уақыт өлтіреді. Екіншіден ойынға тыңнан қосылған ойыншы жүгіріп береді.
Қайрат бұған дейін словениялық “Олимпияны” артынша финляндиялық КУПС клубын және словакиялық “Слованды” жарыс жолынан шығарған болатын. Нәтижесінде 2,5 млрд теңге пайда тапты. Егер Селтикті ұтып, жауапты кезеңге шықса тағы 18,6 млн еуро алады. Және әрі қарай УЕФА тарапынан әр ойынның тағдырына байланысты қомақты қаржы беріледі.
Руслан Бақытжан, сарапшы:
- Бір фактор бар. Селтик матч алдында 1 күн бұрын ұшып келеді. Және УЕФА тарихындағы ең ұзақ сапар болғалы жатыр. Өйткені Глазгодан Алматыға дейін 5 жарым 6 мыңдай шақырым болады. Оның барлығы кері әсер етеді. Cондай-ақ Алматы әдеттегідей Еуропалық қарсыластар үшін таулы аймақта орналасқандықтан біраз қиындықтар да болуы мүмкін.
Жандос Айтбайұлы, сарапшы:
- Мұндай мүмкіндік жыл сайын туа бермейді. Мұны алматылықтар жақсы сезінеді. Жауапкершілікті сезініп, жергілікті жанкүйерлер алдында тамаша тарих жасайтын мүмкіндік туып отыр. Селтикті жеңіп, топтық кезеңге өткен команда жоқ. Тек Астана ойнады. Дегенмен, Селтиктен аса алмай жүрміз ғой. Тағы да айтамыз бізде маусымның нағыз қызған шағы. Футболшылар бабында. Ал Шотландияда 1-2 тур өтті қателеспесем. Бірақ тәжірибелі команда. Шотландиялықтар қоймайды-ау деп ойлаймын.
Қазір стадион маңында біртіндеп қарбалас басталатын сөзсіз. Матчты тамашалау үшін 24 мыңға жуық билет сатылған.
Мерей Қанапия, тілші:
- Матч билеттері алдын ала 5 мың - 15 мың теңге аралығында сатылды. Барлығы небәрі 1 жарым сағатта өтіп кеткен. Алайда ресми сатылым аяқталысымен алыпсатарлар әдеттегідей билет бағасын аспандатып, 50 мың мен 100 мың теңгеге дейін көтерген.
Иә, ойынға сұраныс жоғары. Көргеніңіздей алыпсатарлардың саудасы қызып тұр. Десе де клуб басшылығы алаяқтардан сақ болуға шақырады. Сондай-ақ осыдан 10 жыл бұрын Астана дәл осы күні Апоэлді жеңіп, чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған болатын. Күллі қазақ қуанып, мәз-мейрам болды. Қазір сол қуанышты еселеуге Қайрат жақын тұр. Барша жанкүйер алматылық ұжымға сенім артады. Себебі тарих тағы қайталануы мүмкін.
Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат