Әлемді мойындатқан арулар елге оралды
Әлемді мойындатқан аруларымыз Алматыға келді. Англияның Ливерпуль қаласындағы бокс бәсекесінде топ жарған жерлестерімізді Халықаралық Алматы әуежайынан туған-туыстары мен спортшылар, әскерилер және жанкүйерлер сән-салтанатымен күтіп алды. Алтыннан, күмістен және қоладан алқа таққан боксшыларға алматылықтар гүл шоқтарын ұсынды. Ұлттық дәмнен ауыз тиген әлем чемпиондары жарыстағы әсерлерін айтты.
Бокстан әлем чемпионатында былғары қолғап киген қыздарымыз 3 алтын, 1 күміс 2 қола медаль ұтып алды. Алуа Балқыбекова 50 келіде топ жарса, Аида Әбікеева 65 келіде, ал Наталья Богданова 70 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Назым Қызайбай ең жеңіл салмақта күміс жүлдеге қол созды. Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова қола медаль еншіледі.
Алуа Балқыбекова, әлем чемпионы:
- Көңіл-күйім өте керемет. Өйткені күшті күтіп алып жатыр. Барлық туған-туысқандарым келген екен, өте қуаныштымын, барлықтарына рақмет және ең бірінші өзімнің бапкерім де келіп отыр екен. Тараз, Шудан туған-туысқандарымның барлығыкеліп отыр екен, өте қуанышты, өте керемет сезім.
Аида Әбікеева, әлем чемпионы:
- Сербия елінде үш ай бұрын Әлем чемпионаты өтті. Сол жерден бірінші орын алдым. Ливерпульде Әлем чемпионаты болады дегеннен кейін екі дүркін әлем чемпионы болу үшін мақсат қойғанмын, Серік ағамыз сияқты екі дүркін әлем чемпионы боламын деп. Міне, Аллаға шүкір әлем чемпионы атандым.