Қазақстан құрамасы дрон футболынан әлем үздіктері қатарына енді

Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяда өткен алғашқы дрон футболынан әлем чемпионатында үздіктер қатарына енді, деп хабарлайды 24kz.

Чонджу қаласында өткен турнирге 33 мемлекеттің спортшылары қатысты. Біздің елдің намысын астаналық оқушылар қорғады.

Владислав Цой, тілші:

- Дрон футболында 3 минуттан 3 тайм болады. Гол страйкер дрон қарсыластың қақпа сақинасына кіріп, ұшып өткен жағдайда есепке алынады. Дрон футболында жас шектеуі жоқ. Сондықтан Чонджуда өткен әлем чемпионатында тәжірибелі ойыншыларға қарсы Астананың мектеп оқушылары шықты. Қазақстандық команда 1/8 финалға дейін жетіп, Таиланд құрамасына есе жіберіп алды. Дегенмен, құрама бапкері бұл нәтижені жақсы көрсеткіш деп отыр. Өйткені команда бірнеше ай бұрын жасақталып, балалар жарысқа аз ғана уақыт дайындалған.

Әлихан Рысбай, Қазақстан дрон футболы командасының бапкері:

- Біз Оңтүстік Кореяға 30-дан астам адам алып келдік. Оның ішінде біздің бапкерлер бар, оның ішінде оқушыларымыз бар, ұлттық командамыз бар. Келесі жылы біз бұл көрсеткішті одан әрі өсіреміз деген ойдамыз. Казіргі таңда жүз және оданда астам делегат ретінде келуге жоспарлап отырмыз.

Чемпионат өткен Чонджу қаласы дрон футболының Отаны саналады. Ал бұл қызықты сайыстың өзі мұнда шамамен 10 жыл бұрын пайда болған. 2022 жылы халықаралық федерация құрылды. Ал Қазақстанда дрон футболын дамыту жұмыстары бір жыл бұрын басталды.

Дмитрий Иванов, Қазақстан дрон футболы қауымдастығының төрағасы:

- Өткен жылдың қарашасында біз халықаралық сертификаттаудан өттік. Дәл осы Чонджуға келіп, бірнеше күндік оқудан өтіп, халықаралық төреші және бапкер мәртебесін алдық. Кейін Қазақстанда балаларды корейлік стандарт бойынша оқыта бастадық.

Оңтүстік Кореяда дрон футболына қызығушылық артып келеді. Елде шамамен 300 кәсіби команда және 20 мыңға жуық әуесқой ойыншы бар. Ал дрон өндіруші компаниялардың саны 6 мыңнан асады.

Пак Чон Квон, Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің бөлім директоры:

- Бұл спорт түрінен еуропалық, америкалық, азиялық және африкалық федерация бар. Біз дрон футболды Олимпиада ойындарына қосуды қалаймыз. Бірақ ол үшін жарысқа 100-ден астам ел қатысуы қажет. Сондай-ақ 10 жылдан кейін Чонджуда Олимпиадалық турнир өткізуге тырысамыз.

Оңтүстік Кореядан оралғаннан кейін қазақстандық спортшылар Астанада 2-4 қазан күндері өтетін Digital Bridge форумында шеберлік сабақтары мен көрсетілімдік матчтар өткізеді. Одан соң Қазақстанда мектептік және қалалық дрон футболы лигаларының маусымы басталады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян