Түркістанда инклюзивті спорт фестивалі өтіп жатыр
Түркістанда «Тең мүмкіндіктер» атты балалалар арасында инклюзивті спорт фестивалі басталды. Биыл екінші рет ұйымдастырылған шараға 90 бала, 30 команда қатысып жатыр. Балалар бочча, эстафеталық жарыс және жеңіл атлетика түрлері бойынша сынға түседі. Республика күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқан іс-шара «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен ұйымдастырылды.
Маржан Тәңірберген, оқушы:
- Менің командам үшін және мен үшін бұл жарыс қиын болмады. Өйткені мен командамды өзім дайындадым, өзім мотивация беріп, өзім алып шықтым. Мен бұрыннан футболға қатысамын, сол үшін мен шыдымды, төзімді, мықты қызбын!
Қалыйма Жантөреева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде ерекше балалар да бар, сау балалар да бар. Өздері бір-бірімен ойнай отырып, спортты дамыта отырып, бір-бірімен тең қарым-қатынаста, құқықтарының тең екенін сезеді. Қоғамдағы белсенділігі арта түседі. Елжандылығы, бауырмалдылығы, ынтымақтастығы артып, достық фестиваліне айналып келе жатыр.