Таразда футбол академиясы салынады
Таразда FIFA талаптарына сай, 100 орынға лайықталған заманауи футбол академиясының құрылысы басталды.
Бүгін облыс билігі мен инвестор және Қазақстан футбол федереациясының басшылары құрылыс алаңына уақыт капсуласын салды. Кешен құрылысы бір жылға жоспарланып отыр.
Жаңа заманауи Футбол академиясы Жамбыл облысы әкімдігі және Қазақстан Футбол федерациясының бастамасымен салынбақ. Ал кешен құрылысын «Halyk» қайырымдылық қоры қаржыландырады. Заманауи академия Қазақстандағы жасөспірімдер футболының жаңа тірек орталығына айналмақ. «Халықаралық стандарттарға сай жоба Жамбыл облысындағы балалар мен жасөспірімдер спортын жаңа деңгейге көтереді», - дейді өңір билігі.
Серік Сәлемов, облыс әкімінің орынбасары:
- Жамбыл өңірінен республикада атақты, кезінде КСРО құрамында ойнаған футболистер шыққан. Тұңғыш олимпиада чемпиондары шыққан. Сондықтан Әулиеата жеріне академияның құрылуы бастау алуы да тегін емес. Тараз өңірінен осы академияның арқасында көптеген жас талантты футболшылар шығады деген сеніммен салып отырмыз.
Академия құрылысына 3,5 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаржыға инженерлік инфрақұрылым, оқу және жаттығу залдары, жатақхана мен медицина кабинеттері ашылады. Сонымен қоса спорт жабдықтары мен қажетті жиһазбен толық қамтылады. Мұндай инфрақұрылым болашақ чемпиондардың кәсіби деңгейде өсуіне толық мүмкіндік береді.
Ғалымбек Жақсылықов, «Halyk» қайырымдылық қорының атқарушы директоры:
- Футбол академиасының концепциясы бойынша 100 жас спортшыға арналған жатақханасы мен ашық және жабық ойын алаңдары бар. Сосын 30 жаттықтыруышыға арналған заманға сай FIFA және UEFA талаптарына сәйкес салынатын футбол академиясы.
«Жаңа Футбол академиясы өңір жастары үшін кәсіби футболға жол ашпақ. Сонымен қоса елдің спорттық әлеуетін дамытуға үлкен үлес қосады», - дейді футбол федерациясының мамандары.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев