Қарағанды облысында жаңа спорт кешені ашылды 

Приозёрск қаласында заманауи дене шынықтыру және спорт кешені ашылды. Енді тұрғындар командалық ойындар мен олимпиадалық спорт түрлерінің түрлі секцияларына жазылып, жүйелі түрде жаттыға алады. Жаңа нысанның мүмкіндігі бұнымен шектелмейді, мұнда ауқымды жарыстар өткізуге де жағдай жасалған. 

Жантөре Бақытбектің қазақ күресімен шұғылданып жүргеніне екі жылдан асты. Ол облыстық, қалалық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері. Заманауи кешеннің пайдалануға берілуі Жантөре сынды жас спортшылардың талпынысын арттыра түскен.

Жантөре Бақытбек, жас спортшы:

- Спорт залымыздың ашылғанына өте қуаныштымын. Мен өз елімнің үмітін ақтағым келеді. Сондай-ақ ҚР чемпионатын ұтып чемпион болғым келеді. Бұл жерде бізге барлық жағдай жасалған, ыңғайлы.

Дене шынықтыру және сауықтыру кешені 210 орындық. Заманауи нысанды салуға облыстық бюджеттен 874 миллион теңге бөлінген. Мұнда ересектер мен балалар футбол, волейбол, самбо, дзюдо, қазақ күресі, ауыр атлетика және бокспен айналыса алады. Қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Тіпті кешен ауласына стрит воркаут алаңы да салынған.

Иман Ердос, қазақ күресінен жаттықтырушы:

- Жақсы бір қуаныш, тарихи сәт деп есептеймін. Себебі жергілікті халық өзінің уақытын тиімді өткізуге және де балаларды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік берді. Ата-аналар үшін, жалпы бапкер ретінде біз үшін бұл үлкен жігер.

Былтыр Қарағанды облысында спорттық инфрақұрылымды дамытуға айрықша мән беріліп, бір жылда жаңа 95 нысан ашылды. Соның ішінде үш үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда өңірде 1381 нысан жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар облыста «Спорттық кластер» атты ауқымды жоба іске қосылды. Оның аясында ареналар, манеждер, 12 мың орындық стадион, футбол академиясы және ерекше жандарға арналған кешен салынады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит