Қазақ балуандары Түркиядағы турнирде 4 медаль жеңіп алды
Теннистен әлемнің 5-ші ракеткасы Елена Рыбакина Australian Open турниріне дайындалып жатыр.
Ол арнайы Мельбурн қаласына барып, бірден жаттығуды бастап кетті. Жарыстың негізгі кезеңі 18 қаңтарда басталады.
Ел атынан Елена Рыбакинадан бөлек Александр Бублик пен Александр Шевченко және Зарина Дияс пен Юлия Путинцева бақ сынайды. Бәріне жанкүйер боламыз. Бірақ Елена Рыбакинаның жолына ерекше үмітпен қараймыз.
Қазақ балуандары 4 медаль жеңіп алды
Қазақ балуандары Түркиядағы турнирде 4 медаль жеңіп алды. Грек-римнен ұлттық құрама спортшылары Антальяда өткен халықаралық жарыста сәтті өнер көрсетті. Қоржынға түскен жүлденің екеуі алтын. Турнирде 67 келідегі отандасымыз Бағдат Сабаз бен 72 келіде Юсуф Ашрапов топ жарды. Ал 63 келідегі Еркебұлан Ардақов пен 97 келідегі Рахат Бержанов қола медальды қанжығалады. Сәйкесінше, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштіктен көрінді.
Бүгін Ислам Чесноков дебют жасауы мүмкін
Бүгін Ислам Чесноков «Хартс» сапындағы алғашқы ойынын өткізу мүмкін. Клубтың бас бапкері Дерек Маккинес отандасымыздың қазіргі жағдайына тоқталып, баға берді. Шотландиялық маманның айтуынша, маусым ортасында командаға жаңадан қосылған ойыншыларға бірден негізгі құрамға ену оңайға соқпайды. Чесноков «Дандиге» қарсы матчта тізімге енгенімен, алаңға шыққан жоқ. Айта кетейік, «Хартс» бүгін «Сент-Мирренге» қарсы ойын өткізеді. Эдинбургтік ұжым дәл қазір Шотландия чемпионатында көш бастап тұр. Олар «Рейнджерстен» 3, «Селтиктен» 6 ұпайға алда.
Дерек Маккинес, «Хартс» клубының бас бапкері:
- Маусым барысында сапқа енді қосылған футболшылар үшін клубқа бейімделу қай кезде де қиын. Әрине, егер чемпионат алдында командамен бірге жаттықсаң үнемі бабыңда жүресің. Ислам матчтарға қатысқан жоқ. Қазір ол дайындығын пысықтап жатыр. Жаттығуларда барын салып, физикалық тұрғыда әріптестерін қуып жетуге тырысып жүр. Біз оған қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Бәріміз Исламды алаңда көргіміз келеді.
Қысқы олимпиада ойындарына 22 күн қалды
Италиядағы 25-ші қысқы олимпиада ойындарының басталуына 22 күн қалды. Әзірге лицензиялар саны өзгеріссіз. Қазақстан қоржыны 23 жолдамадан аспай тұр. Оның 12-сі конькимен жүгіру шеберлеріне тиесілі болса, 9-ы шорт-трекшілерге, қалған екеуі мәнерлеп сырғанаушылардың еншісінде. Қазір олар ақ олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиындарын пысықтауда. Соның ішінде шорт-трекшілеріміз Астанада қызу дайындалып жатыр. Жақында Нидерландыға аттанып, әрі қарай Италияға барады.
Мәдіғали Қарсыбеков, Шорт-тректен ұлттық құраманың кеңесшісі:
- Абзал мен Денис осымен 4-ші олимпиадасына қатысады. Барлық үміт сол 2 спортшыда. Одан кейін микс эстафета дейді, 2 әйел, 2 еркек жүгіру керек. Сол жағынан командамыз жаман емес. Сол 2 спринтер. Эстафетада спринтерлеріміз жақсы жүгіреді.
Абзал Әжіғалиев, Шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:
- Осы олимпиадада ең үздік жетістікке жетсем, медаль алсам деген бала кезден бергі арманым бар. Енді осы арманыма 4-ші рет мүмкіндік беріліп тұр. Абыроймен барып, қазақстандықтарды қуанту үшін бар күн-жігерімді саламын. 4-ші олимпиада болғаннан кейін жауапкершілік сезіледі. Қолымыздан келгенше барымызды саламыз.
Айта кетейік, олимпиада ойындарына баратын 4 шорт-трекшіміз 9 жолдама жеңіп алғаны белгілі. Онда Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишадан бөлек қыздардан Ольга Тихонова мен Яна Хан өнер көрсетеді. Олар 500 метрлік сынға 4 лицензия, 1000 метрлік бәсекеде 2-еу, 1500 метр қашықтықта тағы екеу және 2 мың метрлік аралас сынға 1 жолдама ұтып алды.
Денис Никиша, Шорт-тректен ұлттық құрама капитаны:
- Бәрі жақсы. Жаттығуымыз ойдағыдай жүзеге асып жатыр. 500 метр – Абзал екеуміздің оң жаңбасымызға келетін ең ыңғайлы қашықтық болғандықтан көпшілік назары бізде болатыны сөзсіз. Спринттік бәсекеде жүлде алу үшін бірге жаттығып жатырмыз. Арасында әдейі бір-бірімізге кедергі келтіріп, жарысамыз. Спорт бәсекеден тұрады ғой. Медаль алуға тырысамыз.
Яна Хан, Шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:
- Қысқы олимпиада ойындарының басталуына 1 айдан аз уақыт қалды. Ұлттық құрама біздің дайындығымызға жан жақты қолдау көрсетіп жатыр. Қазір біз жылдамдыққа, спринттік бәсекелерге ерекше мән беріп, жаттығып жатырмыз. Мен 2 мың метрлік эстафеталық аралас сында және мың жарым метрлік қашықтықта сынға түсемін. БІзге жанкүйер болыңыздар.