Ақтөбеде инклюзивті спорт кешені ашылды

Ақтөбеде инклюзивті спорт кешені ашылды. Параолимпиадалық жаттығу орталығында спорттың 20 түрімен шұғылдануға болады.

Бұған дейін өңірде мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубына тиесілі ғимарат болмаған. Кәсіби параспортшылар балалар мен жасөспірімдер мектептерін жағалап келген еді.

Су жаңа спорт залда жаттығуға кіріскен палуандар бапкерді сөз айтпастан түсінеді. Қырық жылға жуық балалар мен жасөспірімдерді еркін күреске баулып жүрген Жанат Қожантаев соңғы 10 жыл бойы нашар еститін спортшыларды жаттықтырады. Бастапқыда қиын болды дейді. Кейін білікті бапкер ишарат тілін игеріп алған. Бірлескен еңбектің нәтижесі боз кілемдегі жеңістерге ұласты.

Жанат Қожантаев, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Әлем чемпионатынан орын алды, содан кейін олимпиада ойындарында орын алды. Баламыз Азия ойындарында чемпион болды. Шүкір, жаман емес. Алға қойған биік мақсаттарымыз да бар. Азия ойындары тұр. Бірінші рет Астанада өтеді. Содан кейін Арменияда әлем біріншілігі тұр. Содан кейін Париж. Соған дайындалу керек. Төрт жыл бар.

Параолимпиадалық жаттығу орталығында тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік мол. 5 мың шаршы метрге жуық кешенде бір мезгілде 500-ге жуық спортшы жаттыға алады. Боз кілемнен бөлек футзал мен воллейбол, бочча алаңы төселген.

Спорт кешенінде 25 метрлік бассейн де бар. Мұнда кәсіби пара және сурдоспортшылармен қатар балалар және жасөспірімдер жаттығаДЫ. болады. Ал қасындағы шағын бассейнде ой-өрісінің дамуында тежеуі бар балалар жүзіп үйренеді.

Теннис үстелі мен жаттығу залдары мүгедектігі бар жандарға арнайы жарақталған. 

Гүлмирам Сражова, жаттықтырушы:

- Жаттықтыру залында Финляндия және АҚШ-тан арнайы вакуумды ауамен жұмыс жасайтын жаттықтырушылар тұр. Ол процессор арқылы жұмыс жасайды. Яғни мүгедек адамдарға арбада болсын, көзі көрмейтін болсын ыңғайлы. Сол үшін біз өз ризашылығымызды білдіреміз. Себебі спорт залдар Ақтөбе қаласында көп. Бірақ арбадағы мүгедек адамға ыңғайлы арнайы жаттығу құрылғысы өте аз.

Кешеннің құрылысына бюджеттен 3 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді. Қазір параолимпиадалық орталықта жаттығу кестесі жасақталып жатыр. Облыстық мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубының мүшелері тегін қатысады.

Нұрсұлтан Елеуов,  Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубының әдіскері:

- Облысымызда спортпен айналысуға медициналық рұқсаты бар 15 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат бар екен. Оның ішінде екі мыңға жуығы тұрақты түрде айналысады. Жүзге жуығы параспорт және сурдоспорт түрлері бойынша ересектер арасында, жасөспірімдер, жастар арасында ұлттық құрама қатарында ел намысын қорғап жүр.

Жаңа кешеннің ашылуы өңірдің спорт саласына жаңа серпін бермек. Сурдо және параспорт түрінен ел намысын қорғайтын талантты жастардың қатары артатынына мамандардың сенімі мол.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов