Қазақстан құрамасы Странджа турниріндегі командалық есепте 2-орын алды

Боксшыларымыз Болгариядағы “Странджа” турнирінде жалпы командалық есепте 2-орын алды.

Қоржында 4 алтын, 2 күміс, 3 қола. Өзбекстан 7 алтынмен көш бастаса, Украина 3 алтынмен үздік үштікті түйіндеді. Халықаралық жарыста ерлерден 50 келіде Даниял Сәбит қана топ жарса, 70 келіде Фарух Тоқтасынов күміс медаль еншіледі. Ал әйелдерден 54 келіде Элина Базарова мен 80 келідегі Надежда Рябец және 80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова бірінші орын алып, алтыннан алқа тақты. Лаура Есенкелді 65 келіде күміс алса, Әнел Сақыш пен Валентина Хальзова, Дина Исламбекова қолаға қол созды. 

Мерей Ақшалов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы:

- Биыл 39 мемлекет қатысты. Былтырғымен салыстыруға келмейді. Биыл 2, 3-номерлі боксшыларды алып келсек, көп ел мұнда 1-номерлі боксшыларын әкелген. Өзбекстанның өзінде 5 салмақта бірінші нөмірлі боксшылар келген. Америка, Бразилия, Англия мықты бірінші нөмірлі боксшыларын әкелген. 

Айта кетейік, «Странджа» кубогы әуесқой бокс әлеміндегі ең беделді додалардың бірі саналады және оны бейресми түрде «кіші әлем чемпионаты» деп атайды. Бұл турнирге Қазақстан атынан 39 спортшы қатысты. Олардың 19-ы ерлер, 20-сы әйелдер санатында жұдырықтасты. Сәйкесінше ерлеріміз 2, әйелдер құрамасы 7 медальмен жарысты түйіндеді.  

Мерей Ақшалов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы:

- Балаларды жаман бокстасты деп айтуға болмайды. Бәрі жақсы төбелесті. Ішінде бар халық көріп отыр кімнің барын салғанын, кімнің барын салмай бокстасқандарын. Бас бапкер жарыстан кейін қорытындылап, біраз ауыстырулар болады.  

Санжарәлі Бегалиев, бокстан ұлттық құрама мүшесі:

- Салмағым жетпей, күшім жетпей қалды 80 келіге. Енді 75 келіге салмақ қуамын деп шештім.

- Жастар арасынан ересектерге ауысқан қиын ба екен?

– Басында қатты білінген жоқ. Екеуін салыстыратын болсақ разница үлкен ғой. Нағыз бокс ересектерде.))

Конькишілеріміз 7 медаль жеңіп алды

Конькимен жүгіруден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында 7 медаль жеңіп алды. Оның 6-уы алтын. Германияда өткен соңғы жарыс күнінде Вадим Чебардаков масс-стартта топ жарып, ел қоржынына кезекті жүлдені салды. Оның уақыт көрсеткіші 5 минут 29 секунд. Бұған дейін Кристина Шумекованың бір өзі 500, 1000, 1500 және кіші көпсайыста бірінші орын алған еді. Одан бөлек 3 мың метрлік сайыста күміс еншіледі. Сондай-ақ, бұрымдыларымыз командалық спринтте де топ жарып, алтын медаль олжалаған болатын.

Дзюдошылар жүлдесіз қайтты

Дзюдошыларымыз Ташкентте өткен Grand Slam жарысында медальсыз қалды. Оған бас аяғы 14 отандасымыз қатысқан еді. Олардың арасында Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев, Мәди Амангелді сынды ел үздіктері бар. Бірақ бірде біреуі жүлдегі ілікпеді. Басым бөлігі алғашқы айналымда сүрініп, жарысты ерте аяқтап жатты. Тек аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев қолаға таласып, өз салмағында 5-орын алды. Сондай-ақ, осы салмақтағы тағы бір отандасымыз Еламан Ерғалиев 7-орыннан көрінді. Бұл жарыста жалпы есепте жапониялық балуандар топ жарса, Әзербайжан екінші, Өзбекстан 3-орынға табан тіреді.