Қысқы Паралимпиада ойындарына 50 жыл
14 қысқы Паралимпиада ойындарының басталуына екі күн қалды. Биылғы жарыстар Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.
Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 600-ден астам спортшы қатысады. Айта кетейік, биыл қысқы Паралимпиада қозғалысының басталғанына 50 жыл толып отыр.
Паралимпиада ойындарының тарихы Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарымен тығыз байланысты. Соғыстан соң көптеген сарбаз ауыр жарақатпен елге оралды. Неміс дәрігері Людвиг Гуттман жарақат алған сарбаздарды оңалту үшін спорттық жарыстар өткізуді қолға алды. Осыған байланысты 1948 жылдың 29 шілдесінде ол Ұлыбританияда жұлын жарақаты бар ардагерлер арасында алғашқы жарыс ұйымдастырылды. Емхана аумағында өткен садақ атудан турнирге жарақатынан арбаға таңылған 16 спортшы қатысты. Бастама кейін халықаралық қозғалысқа ұласты. 1960 жылы Италияда алғашқы ресми Паралимпиада жарыстары өтіп, оған 23 елден шамамен 400 спортшы қатысты. Сол додада жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі және баскетбол секілді сегіз спорт түрі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Содан бері Паралимпиада әр төрт жыл сайын Олимпиададан кейін өткізіліп келеді. Ал 1976 жылы Швецияда мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған алғашқы қысқы сайыстар ұйымдастырылды.
Спортшылардың жарысқа қатысуы арнайы бөлу жүйесі арқылы анықталады. Оны 1989 жылы құрылған Халықаралық паралимпиада комитеті енгізген. Ұйым спортшыларды мүгедектік түрі мен деңгейіне қарай топтарға бөліп, жарыста тең мүмкіндік қамтамасыз етуді көздейді. Қысқы Паралимпиада ойындарының тарихында жалпы медаль саны бойынша Норвегия, АҚШ және Австрия құрамалары көш бастап келеді. Әрбір елдің қоржынында 300-ден астам медаль бар.
Биыл қысқы Паралимпиада ойындары 50 жылдық мерейтойын атап өтеді. Халықаралық дода 6-15 наурыз аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Биылғы жарысқа әлемнің әр аймағынан 600-ден астам спортшы қатысады. Алты спорт түрі бойынша 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Биылғы бағдарламаның басты ерекшелігі – арбадағы кёрлингтен аралас жұптар сайысының енгізілуі. Сонымен қатар Паралимпиада тарихында алғаш рет Гаити, Португалия, Солтүстік Македония, Черногория және Эль-Сальвадор спортшылары бақ сынайды.
Авторы: Динара Қуандыққызы