Таиландта жастар арасындағы лицензиялық турнир өтіп жатыр

14 боксшымыз ширек финалда. Таиланд астанасы Бангкок қаласында жастар арасындағы лицензиялық турнир өтіп жатыр.

Оған 19 спортшымыз аттанған болатын. Іріктеу кезеңдерінің нәтижесінде 14-і келесі кезеңге өтті. 

«Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы ойын билеттері түгелдей сатылып кеткен. Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 2-ші туры аясында алматылықтар өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Кездесу 16 наурыз күні «Орталық стадионда» өтеді. Жанкүйерлер тарапынан қызығушылық жоғары. Матч билеттерінің барлығы сатылып кеткен. 

«Барыс» сырт алаңда жеңіске жетті

«Барыс» сырт алаңда қатарынан 3-ші рет жеңіске жетті. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынында астаналықтар Владивостокқа қонаққа барып, «Адмиралдан» басым түсті. Қорытынды есеп 1:2. Ойынның 33-ші минутында «Барыс» сапынан Уиллман есеп ашса, 43-ші минутта мұзайдын қожайындары таразы басын теңестіріп кетті. Артынша 56-шы минутта Томпсон көзге түсіп, «Барысты» алға шығарды. Дәл қазір жерлестеріміз турнир кестесінде 53 ұпаймен 19-шы орында келе жатыр. Ал «Адмирал» 46 ұпаймен 20-шы сатыда тұр. Плей-оффқа үздік 16 команда ғана жолдама алады. Айта кетейік, енді «Барыс» өз алаңында 16 наурызда «Адмиралды» қабылдайды.

Кошкин халықаралық жарыста топ жарды

Евгений Кошкин конькимен жүгіруден халықаралық жарыста топ жарды. Отандасымыз Нидерландта өтіп жатқан «Күміс шар» турнирінде 100 метр қашықтықта жеңіске жетті. Ол барлық кезеңде әсіресе жартылай финал мен финалдық бәсекелерде мәре сызығын бірінші болып кесті. Ақтық сындағы уақыт көрсеткіші 9,69 секунд. Бұл дистанцияда Нидерланд спортшылары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісіп алды.