Ұлттық мектеп лигасының турнирлері басталды
Жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында Ұлттық мектеп лигасы аясындағы республикалық олимпиадалық турнир басталды. Турнир аясында тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыдан жарыстар ұйымдастырылады.
Мақсат – мектеп оқушылары арасында зияткерлік спорт түрлерін насихаттау. Сондай-ақ жас таланттарды анықтап, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Жарыс бір апта бойы өтеді.
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған Астана қаласындағы №104 мектепте турнирге 200 бала қатысып жатыр. Бұдан бөлек, білім ордасында жоғары сынып оқушылары арасында волейболдан республикалық деңгейдегі жарыс өтті.
Нұртас Жағабаев, №104 мектеп директоры:
- Үстел ойындарынан жарыс өтуде. Оның түрлері шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы. Ол жерде әр сынып оқушылары біліктіліктерін арттырып, осы жерде бақтарын сынап жатыр. Спортзалда республикалық волейбол лигасы өтіп жатыр. Ол да Ұлттық мектеп лигасы аясында. Мұнда 9-11 сыныптардың республиканың 20 өңірінен келген команда бақ сынасып, қазір финалдық ойындар өтіп жатыр. Финалдық ойындарда БҚО мен Жетісу бірінші орынға таласуда.
Айзере Қалибай, Ұлттық мектеп лигасының волейболдан жеңімпазы /Жетісу облысы/:
- Эмоция керемет! Жақсы дайындықпен келдік. Міне, жасаған еңбегіміздің жемісін көріп жатырмыз. Чемпион болдық. Мектеп лиганың алдында жарыстар көп болды. Біз бәрін жеңіп, күш сынасып, осы жарысқа келдік. Өте тартысты ойын болды негізі.