Таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр
Елена Рыбакина Лейла Фернандеспен кездеседі. Германияның Штутгарт қаласында теннистен рейтингілік турнир өтіп жатыр. Қазақстандық теннисші екінші айналымға өткен еді.
Енді оның қарсыласы белгілі болды. Елена бүгін канадалық спортшымен жолығады. Жарыс 20 сәуірге дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры – 1 миллион 206 мың доллар.
Қоржынымызға төртінші медаль түсті. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық Алидар Әбдікәрімов жеңіс тұғырына көтерілді. 68 келіде өнер көрсететін қазақ баласы жартылай финалға дейін барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, соңғы жекпе-жегінде өзбекстандық Аюбхон Набиевке есе жіберді. Нәтижесінде қола жүлдегер атанды. «Алидар қазір 16 жаста және алдағы уақытта әлі талай биікті бағындырады», - дейді мамандар. Сонымен бүгінге дейін қазақ қыз-жігіттері дүниежүзілік додадан 4 медаль иемденді. Айым Серікбаева - алтын, Ерасыл Ергеш, Ислам Медетбай және осы Алидар Әбдікәрімов қола жеңіп алды. Қоржынымыздағы жүлде саны артуы мүмкін.
Алидар Әбдікәрімов, әлем чемпионатының жүлдегері:
- Әлем чемпионатындағы әр жекпе-жек қиын болады. Тыңғылықты дайындықтың арқасында жақсы өнер көрсеттім. Осы тұрғыда бапкерлеріме алғыс айтқым келеді. Бұған қоса, ата-анама да үлкен рахмет. Олар осында келіп, жанымда болып, барынша қолдау танытып жатыр.
Бокстан әлем кубогіне дайындық
4 бірдей әлем чемпионы ел намысын қорғайды. Бірер күннен кейін Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан әлем кубогы басталады. Бұл жарысқа 50 елден 400-ге жуық былғары қолғап шебері қатыспақ. Араларында ұлттық құрама өкілдері де бар. Әсіресе әйелдер арасындағы бәсекеге жұлдызды командамыз аттанды. Яғни тізімдегі 7 бұрымды боксшымыздың 4-еуі – әлем чемпионы. Атап айтқанда, Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова жарыс жолына шығады. Бұған қоса, Виктория Графеева, Жібек Жарасқызы және Валерия Аксенова да жүлдеге таласады. Қазір бокс жанкүйерлері осы жарысты тағатсыздана күтіп отыр. Әлем Кубогы 19 сәуірде басталып, 26 сәуірге дейін жалғасады. Қазақ қыздарына сәттілік тілейміз.
Дзюдошыларымыз жүлдесіз қалды
Үш дзюдошымыз қолаға күресіп, үшеуі де жүлдесіз қалды. Қытайдың Ордос қаласында жапон жекпе-жегінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні ұлттық құрама үшін өте сәтсіз болды. Ерлер арасындағы бәсекеде Шерзод Давлатов, Аман Бақытжан және Нұрқанат Серікбаев қола жүлдеге бір табан жақын тұрған. 60 келідегі Шерзод шешуші жекпе-жекте Өзбекстан жігітіне есе жіберді. 60 келідегі тағы бір өкіліміз Аман қола үшін күресте моңғолиялық дзюдошыдан жеңіліп қалды. Ал 66 келіде сынға түскен Нұрқанат Серікбаев соңғы кездесуде қытайлық Сюэ Цзыяннан ұтылып, жүлдесіз қалды. Алда әлі екі жарыс күні бар. Азия чемпионатына бас-аяғы 18 спортшымыз аттанды. Жарыстың жалпы қорытындысы 19 сәуірде белгілі болады.