Қазақстан құрамасы конкурдан үздік нәтиже көрсетті
Ташкентте ат спортынан өткен Әлем кубогында Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді.
Конкур сайысы елде енді ғана еңсесін тіктеп келеді. Олипиадалық ойындарға кіретін спорт түріне қызығушылық бар. Дегенмен қаржы жағынан көп инвестиция талап етеді.
Кедергілерден секіру сайысы еуропада қанатын кеңге жайған. Бір ғана Германияның өзінде ат спорты индустриясындағы қаржы айналымы 40 млрд долллардан асады. Конкурдан қарғып өтетін жылқылардың да құны 100 мың доллардан кем емес. Қазақстан құрамасы Ташкенттегі сайысқа 11 шабандозбен 24 жылқы әкелді.
Әсет Толқынбеков, олимпиадалық ат спорты түрлерінен қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Бельгия, Германия, Голландияның жылқылары көбіне. Өзіміздің екі жылқымыз бар. Олар немістер, бірақ Қазақстанда туған қолтумалар. Бізде қазір жаңа федерация басшысы келді. Федерация тарапынан осындай жарыстар ұйымдастырылып жатыр.
Федерацияның алға қойған мақсаттары көп. Соның бірі Қазақстан құрамасын олипиада ойындарына қатыстыру. Елімізде мықты шабандоздар бар. Оларға тек тәжірибе жинау үшін жарыстарға қатыстырып, қолдау жасалса, біз алмайтын қамал жоқ-дейді Ташкенттегі сайыстың жеңімпазы Нұрилла Тұрысбекова.
Нұрилла Тұрысбекова, Қазақстан құрамасының шабандозы:
- Бұл спортта ең бастысы жылқымен шабандоздың арасында үйлесімділік пен өзара түсінік болуы тиіс. Жануарлар бәрін сезіп тұрады. Егер сен қобалжысаң, астыңдағы атыңа сенімсіздік танытсаң, ол оны бірден ұғады. Керісінше де болуы мүмкін. Жас шабандоздар тәжірибелі жылқыға мінгенде әлгі аттар тапсырманы өздері жасап, спортшыға көмектеседі. Айтпағым, бұл – командалық спорт.
Әлем кубогындағы нәтиже Қазақстан құрама командасының жеңіске деген сенімділігін арттырды. Алда әлем чемпионаты күтіп тұр және ол Астана қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылмақ. 27 мен 30 мамыр аралығында өтетін байрақты бәсекеге әлемнің үздік спортшылары мен сәйгүліктері қатысады.