Елдос Сметов ұзақ үзілістен кейін татамиге қайта оралады
Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam аясында жанкүйерлерді ерекше кездесу күтіп тұр. Олимпиада чемпионы, қазақ дзюдосының мақтанышы Елдос Сметов ұзақ үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралып, елорда төрінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды «24KZ».
Атақты спортшы 2024 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет ресми жарыс алаңына шығып, тек Олимпиада чемпиондарына ғана бұйыратын алтын жолақ тағылған кимономен татамиге шығады.
Қарсыласының кім болатыны әзірге құпия күйінде қалып отыр. Бұл — дзюдо жанкүйерлері үшін тосынсый болмақ.
Жарыс 8–10 мамыр аралығында Астана қаласындағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Кіру тегін.