Тоғыз күннен кейін футболдан әлем чемпионаты басталады

Мундиаль тарихта тұңғыш рет бір мезетте 3 елде қатар өткелі отыр.

АҚШ, Канада, Мексиканың 16 қаласында көрермен аладоп аламанын тамашалайды. 

Сөйтіп, төрткүл дүние көз тіккен бәсекеде қай құрама топ жаруы мүмкін? Болжам қандай?

Санаулы күндерден кейін төрткүл дүние асыға күткен футбол мерекесі басталады. Әлем чемпионаты тарихта осымен 23-рет өткелі отыр. Жаһандық додаға алғаш рет 48 ел қатысып, турнир аясында бас-аяғы 104 матч ойнатылады. Мундиальда Кюрасао, Кабо-Верде, Йордания және көршілес Өзбекстан тұңғыш рет өнер көрсетеді.     

Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:

- Өзбекстан құрамасы біраз таңдай қақтыру мүмкін. Бұл команданың жұлдызды ойыншыларынан бөлек ауызбіршілігі өте мықты команда. Азия мықтысы Жапониямен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп жүрген өзбектер топтан шығып... Әлгі бір жылы Блохин баптаған Украина құрамасы сенсация жасап еді ғой. Сол секілді біраз мықтыларға тұсау салуы мүмкін.   

Алдағы чемпионатты ұтатын айқын фаворит жоқ. Осы орайда сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі оңтүстік америкалық, екіншісі еуропалық елдердің бірі чемпион болады дейді.

Абылай Ыбырайұлы, спорт сарапшысы:

- Жасырын фаворит ретінде Англия құрамасын қарап отырмын. Өйткені Томас Тухель өте тәжірибелелі ойыншыларды өз құрамынан жинап отыр. Өзі де сұхбаттарының бірінде бұл жұлдыздардың командасы емес, жұлдыз команда болады деп айтқан болатын. Палмер, Фоден, Трент Александр алынбады. Ең талантты ойыншыларды қалдырып, олардың орнына Тони, Хендерсон, Андерсон секілді жұмысқа бейім ойыншыларды алды. 

Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:

- Неймарлардың екінші тынысы ашылса, Бразилияға, Аргентинаға мүмкіндік мол. Менің ойымша сол оңтүстік америкалық құрамалардың бірі осы Аргентина мен Бразилия менің фавориттерім. Енді жарыс мұхиттың арғы бетінде өтеді. Сондықтан еуропалық командаларға қиын болады. Себебі уақыт айырмашылығы бірнеше сағат және теңіз деңгейінен биіктік деген бар.        

Ойындар Америка, Мексика және Канаданың 16 қаласында өтеді. Турнирдің ашылу матчы Мехикодағы «Ацтека» стадионында, ал финал Нью-Джерсидегі «Метлайф» аренада ұйымдастырылады. Командалар 12 топқа бөлініп, плей-офф кезеңі 1/16 финалдан басталады.

БЛИЦ

– Жылда Англияға жанкүйер боламын. Бірақ дым результат жоқ. Биыл Өзбекстан тұңғыш рет әлем чемпионатына шығып тұр. Сол өзбек бауырларымызға жанкүйер боламын.  

– Португалия. Себебі ойыншылары жоғары деңгейде деп ойлаймын. Әсіресе жартылай қорғанысы мықты. Онда Витинья, Фернандеш секілді ойыншылар бар.  

 – Өзбекстан. Енді бауырларымыз ғой.

– Пускай Аргентина выиграет еще раз.

– Неймар, Роналду, Месси бар. Соңғы әлем чемпионаттары. Қандай нәтиже көрсететін өте қызық болып тұр. Жалпы әлем чемпионаты өте қызық. 

Футбол мерекесі 11 маусымда басталып, 19 шілдеге дейін жалғасады. Турнирдің алғашқы ойыны Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы арасында өтеді.

Мерей Қанапия, Ержан Рахманбердиев