Елімізде «Astana 2026 World Boccia Cup» өтеді
Астанада боччадан халықаралық беделді турнир өтіп жатыр.
«Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде жалауы желбіреген жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысты. Ол салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде сайысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстанда инклюзивті қоғам құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Канада, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Португалия, Оңтүстік Корея, Бразилия және басқа да мемлекеттердің өкілдері бақ сынайтын халықаралық доданың ауқымы кең екеніне назар аударды. Іс-шарада осындай деңгейдегі жарыстың Қазақстанда өтуі елде паралимпиадалық қозғалысты дамыту және әр азаматқа тең мүмкіндік жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі екені де айтылды. Айта кетейік, «Astana 2026 World Boccia Cup» халықаралық турнирі 2026 жылғы 1-9 маусым аралығында өтеді. Әлем кубогының бұл кезеңі ресми рейтингтік жарыстар жүйесіндегі бәсеке және алдағы Лос-Анджелес Паралимпиадасына жолдама беретін маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Қазақстан Бочча Федерациясының президенті:
- Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде параспортты дамытуға және барша азаматқа тең мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Параспортшылардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасалып жатыр. Астанада спорттық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктірген еліміздегі алғашқы бірегей Инклюзивті спорт орталығының ашылуы – соның жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордадағы бұл тәжірибе Қазақстанның басқа өңірлерінде де кезең-кезеңімен іске асырылады.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Халықаралық бочча федерациясының президенті Джон Морганмен кездесті. Тараптар пара-лимпиадалық спорттың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, елде бочча спортын кеңінен насихаттау мәселелерін, халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолдарын, сондай-ақ спортшылар мен жаттықтырушыларды ірі халықаралық жарыстарға даярлау ісін қолдау тетіктерін талқылады. Өз кезегінде Джон Морган Қазақстанның халықаралық серіктестікке ашықтығына жоғары баға беріп, халықаралық федерация бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.