Футболдан ӘЧ-2026: Өзбекстан Колумбияға есе жіберді

Фото: championat.ru

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының K тобындағы алғашқы турда Өзбекстан құрамасы Колумбиямен кездесті, деп хабарлайды «24KZ».

Әлемдік додаға тұңғыш рет қатысып отырған өзбекстандық футболшылар алғашқы матчта Оңтүстік Американың тәжірибелі командасына қарсы алаңға шықты. Кездесу барысында Колумбия құрамасы ойын тізгінін өз қолына алып, шабуылды үдетуге тырысты. Дегенмен өзбекстандық қорғаушылар ұзақ уақыт бойы қарсыластың қарқынына төтеп берді.

Матчтағы есеп 41-минутта ашылды. Луис Диастың нәтижелі пасынан кейін Даниэль Муньос мергендігімен көзге түсті. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Үзілістен кейін Фабио Каннаваро шәкірттері шабуылды күшейтіп, 61-минутта таразы басын теңестірді. Аббосбек Файзуллаев әлем чемпионаттарындағы Өзбекстан құрамасының алғашқы тарихи голын соқты.

Алайда көп ұзамай колумбиялықтар қайтадан алға шықты. 65-минутта Луис Диас қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Ал ойынға қосылған қосымша уақыттың тоғызыншы минутында Хаминтон Кампас кездесудің нүктесін қойды.

Осылайша Колумбия құрамасы Өзбекстанды 3:1 есебімен жеңіп, K тобындағы жарысты жеңіспен бастады.

Енді Өзбекстан құрамасы келесі ойынын 23 маусым күні Португалияға қарсы өткізеді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз