Қысқы Олимпиада жүлдегері мен жаттықтырушыларға 250 миллион сыйақы төленді

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйақы бөлу туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы «24KZ» хабарлайды.

Арнайы қаулыға сәйкес, қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінген. Ақшалай ынталандыру Олимпиадада топ жарған 2 спортшы мен  5 жаттықтырушыға беріледі.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, Олимпиада ойындарында көрсеткен нәтижелері үшін спортшыларға төмендегідей көлемде ақшалай сыйақы қарастырылған:

Михаил Шайдоров (мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы) — 250 000 АҚШ доллары

Надежда Морозова (конькимен жүгіру спортынан үздік алтылыққа енгені үшін) — 5 000 АҚШ доллары

Бекітілген ереже бойынша, ақшалай сыйақы тек спортшыларға ғана емес, оларды үлкен спортқа қосқан алғашқы, жеке және ұлттық құрамадағы бас жаттықтырушыларына да төленеді.

Үкімет деңгейіндегі ақшалай сыйақыдан бөлек,  жергілікті атқарушы органдар тарапынан да айрықша қолдау көрсетілмек. Атап айтқанда, спортшылар тіркелген өңірлердің әкімдіктері оларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді.