Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетті. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Федерация өкілдері бұл жаңалықты өкінішпен қабылдағанын, алайда маманның шешіміне құрметпен қарайтынын жазды. Ақпарларынша, Байсуфинов ұлттық құраманы жаттықтырған кезеңдеріндегі ең үздік нәтижесіне қол жеткізген. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз алаңында Бельгиямен тең түсіп, ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартқан. Ұлттық құраманың алдағы матчтарға дайындығы жоспарлы түрде жалғасады. Ал жаңа бас бапкердің есімі әзірге жарияланған жоқ.