Футболдан әлем чемпионатының жартылай финалы ертең басталады

Футбол жанкүйерлерінің түн ұйқысын төрт бөлген Теңбіл доп додасы шарықтау шегіне жетті. Ертең жартылай финалдық ойындар басталады.

Төрт мықтының қайсысы топ жарарын дөп басып айту қиын. Дегенмен сарапшылардың басым көпшілігі Француздарға бәс тігіп отыр. 

Мессидің мысы басым

Бір айға созылған футбол тойы да аяқталуға жақын. 48 команданың ішінен айдарынан жел ескен төрт мықты ғана қалды. Франция мен Испания және Аргентина мен Англия  әлемдік рейтингіде де үзеңгі қағыстырып келеді. Ендеше алдағы күндері нағыз мықтылардың айқасына куә боламыз. Ертең Далластағы көк майсада Еуропалық дерби өтсе, одан кейін Атланта төрінде Англия мен Аргентина арпалысады. Биыл жаңа чемпион шықпайтыны түсінікті болды. Төрт команда да әлемдік тәжді киіп көрген алпауыттар. Биыл кімнің асығы алшысынан түсерін тек уақыт көрсетеді. Аргентина кеше дайындық жұмыстарын өткізді. Бірақ Месси бастаған мықтыларға бапкерлер демалыс беріпті. Рас, қазір Аргентинаны сынап жатқандар аз емес. Қарсыластары тіске жұмсақ болды, немесе төрешілердің бүйрегі бұрды деген сияқты өкпе-реніштерін көріп қаламыз. Аргентинаны алға сүйреп жүрген төреші емес Месси екенін мойындауымыз керек. Қамал алар жасқа жақындап қалса да әлі қайраты қайтпаған. Әлі де тепкені түзу ұшады. Леоны тұсаймыз деп жүріп қарсыластар өзге жігіттерден көз жазып қалып жатыр. Ағылшындарды да қазір алаңдатып отырған осы Месси. Енді әлем чемпиондарын Томас Тухель шәкірттері тоқтата ала ма? Оны сәрсенбінің кешінде білеміз.

Жастардың аяқ алысы жаман емес

Дәл осы күндері Индонезияның Джакарта қаласында бокстан жастар мен жасөспірімдердің Азия чемпионаты өтіп жатыр. Кеше 23 жасқа дейінгі қыз-жігіттер жартылай финалдық кездесулерін өткізді. Ел намысын қорғауға барған 20 боксшысының 16-сы жүлдемен қайтады. Ал 13-і алтынға таласуға мүмкіндік алып отыр. Финалдық жекпе-жектер16 шілдеге жоспарланған. Жастарымыздың аяқ алысы көңіл қуантады. Әсіресе Мақсат Бақтыбазаров баптаған жігіттер бабында барыпты. Нұрбек Мұрсал мен Өнер Сейілхан, Темірлан Мұқатаев пен Аман Қонысбек, сондай-ақ Бексұлтан Боранбек пен Нұрасыл Төлебек сол секілді ауыр салмақтағы Ибрагим Бетаевтардың енді бағы жанса, бас жүлде аламыз деп отыр. Ұлттық құраманың есігін қағып тұрған жігіттер ертең-ақ байрақты бәсекелерде көк туымызды биіктен желбіретеді деген үміт басым.

Синнер сенімді ақтады

Теннисшілерді айтулы жарыстарының бірі Уимблдон мәресіне жетті. Бас жүлде биылда Италия теннисшісі Янник Синнердің қанжығасында кетті. Чемпиондық атақты қорғау қалу оңай шаруа емес. Финалдық ойынның алғашқы екі сеті тартысқа толы болды. Роллан Гарроста асығы алшысынан түскен неміс Александр Зверев ағылшын жерінен да олжалы қайтуды ойлаған. Алайда тай брэйкке дейін созылған бірінші сетті өз пайдасына шешкенімен кездесудің қалған уақытында тізгінді қарсыласына беріп қойды. Зверев үшін Синнер алынбайтын қамал болды. Александрды қатарынан 10-шы рет ұтқан Янник Синнер  үлкен дулыға жарыстарының 5 дүркін жеңімпазы атанып отыр. Осылайша, Италия теннисшісі әлемдегі ең мықты ойыншылардың қатарына кірді. Дәл қазір әлемдік рейтингінің көшін бастап келе жатқан Синнер енді Карлос Алькарасты басып озсам дейді. Жарақтына байланысты екі бірдей үлкен жарыстан шет қалған Алькарастың еншісінде 7 бірдей үлкен дулыға жарыстарының 7 жүлдесі бар. Енді теннисші жанкүйерлері ЮС Оупен Америка ашық біріншілігін асыға күтеді.