Динара Сәдуақасова жас шахматшыларға шәкіртақы тағайындады

Фото: @dinara.saduakassova

Қазақстанның танымал шахматшысы Динара Сәдуақасова Халықаралық шахмат күніне орай ауқымды қайырымдылық бастамасын қолға алды, деп хабарлайды «24KZ».

Жоба дарынды балаларды қолдауға бағытталған. Өйткені олардың көпшілігіне өз әлеуетін толық ашу үшін тек бастапқы мүмкіндік жетіспейді.

Еліміздің ең атақты шахматшыларының бірі дарынды балаларды қолдауға арналған жеке атаулы шәкіртақы тағайындағанын жариялады. Бағдарламаның алғашқы лауреаты әрі 1 200 000 теңге көлеміндегі мақсатты гранттың иегері Атырау облысынан шыққан, болашағынан зор үміт күттіретін 9 жастағы шахматшы Ермұхан Саламат болды.

Алдағы бір жыл бойы жас спортшы ай сайын 100 000 теңге көлемінде шәкіртақы алып, жаттығуға және кәсіби шеберлігін арттыруға көбірек көңіл бөле алады.

Динара Сәдуақасованың айтуынша, Ермұхан жақсы аналитикалық қабілетімен және спорттық әлеуетімен ерекшеленеді. Алайда өңірлердегі көптеген талантты балалар сияқты, оның да әрі қарай дамуы мен жарыстарға қатысуы үшін демеушілердің қолдауы қажет.

«Қазақстанда шахматқа қызығушылық өте жоғары. Бірақ болашақ чемпиондар тек Астана мен Алматыда ғана өсіп жатқан жоқ. Өңірлерде де әлеуеті зор балалар көп. Алайда кәсіби спорт, әсіресе балалар спортында, мықты жаттықтырушыларға, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қаржы қажет. Бұл шәкіртақы таланты мен табандылығы бар, бірақ бастапқы мүмкіндігі шектеулі балаларға нақты қолдау көрсетуді мақсат етеді», – дейді Динара Сәдуақасова.

Қазақстандық гроссмейстер алдағы уақытта шәкіртақы бағдарламасы өзге де дарынды балаларды қамтитынын айтты.

Динара Сәдуақасова – жасөспірімдер арасындағы бірнеше дүркін әлем чемпионы, әйелдер арасындағы блиц шахматтан әлемнің вице-чемпионы, әйелдер арасындағы Азия чемпионы, ЮНИСЕФ-тің Ізгі ниет елшісі, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер және ерлер арасындағы халықаралық спорт шебері.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз