Тур де Франс – 2026 өз мәресіне жетті
Парижде 113 «Тур де Франс» аяқталды. Әлемдегі ең беделді велокөпкүндіктің жеңімпазы атанған словениялық Тадей Погачар сары жейдесін соңғы кезеңге дейін сақтап, бесінші жеңісіне қол жеткізді.
Ал XDS Astana командасы үшін 2026 жылғы жарыс соңғы жылдардағы ең нәтижелі маусымдардың біріне айналды. Астана шабандоздары 21 кезең барысында бірнеше рет үздік бестікте болған: Гарольд Техада 13-кезеңде және спринтер Макс Кантер бесінші кезеңде мәре сызығын екінші болып кескен. Кейін Кантер Бордода өткен жетінші кезеңде және Париждегі шешуші финалда төртінші орыннан көрінді. Биылғы «Тур де Франсқа» 23 команда қатысты. Барселонадан басталған үш апталық жарыстың жалпы қашықтығы 3 200 шақырымнан асты.
Макс Кантер, XDS Astana Team спринтері:
- Командамыздың мықты екенін көрсете алдық деп ойлаймын. Көп кезеңде үздік ондықтың қатарынан көріндік. Бұл – менің алғашқы Тур де Франс сайысым. Сондықтан жеке нәтижеме көңілім толды. Алайда алдағы мақсатымыз – жеңістерге жету.
Александр Винокуров, XDS Astana Team бас менеджері:
- Қолдан келгеннің бәрін жасадық. Команда жақсы көрінді, бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Соңғы он жылда алғаш рет «Тур де Франсты» сегіз шабандозымыздың барлығы толық аяқтады. Мұндай нәтижеге небәрі бес-алты команда ғана қол жеткізді. Сондықтан бұл – бүкіл ұжымның ортақ жетістігі. Командаға алғыс айтамын.
Жарыс аяқталған соң команда мүшелері мен менеджерлері құрметті қонақ ретінде Қазақстанның Франциядағы Елшілігіне шақырылды. Дипломаттар велошабандоздарды жарыстың сәтті аяқталуымен құттықтап, естелік ретінде тақия тарту етті. Айта кетейік, XDS Astana бүгінде Халықаралық велосипедшілер одағының рейтингінде алтыншы, ал ProCyclingStats рейтингінде сегізінші орында тұр. Жыл соңына дейін команда Испания мен Монакода өтетін ірі жарыстарда, сондай-ақ қыркүйекте басталатын Азия ойындарында жүлделі орындар үшін сынға түседі.