Астанада Дүниежүзілік фиджитал саммиті басталды

Астанада «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі аясында өтіп жатқан «Phygital Sports Summit Astana 2026» форумы ресми түрде өз жұмысын бастады, деп хабарлайды «24KZ»

Іс-шараның салтанатты ашылуында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов сөз сөйлеп, фиджитал спорттың жаһандық спорт индустриясындағы маңызына және бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың рөліне ерекше тоқталды.

Ауқымды саммитке бірқатар шетелдік мәртебелі меймандар қатысуда:

  • Ахмед Бельхул Әл Фаласи – Біріккен Араб Әмірліктерінің спорт министрі;

  • Михаил Дегтярев – Ресей Федерациясының спорт министрі;

  • Адхам Икрамов – Өзбекстан Республикасының спорт министрі;

  • Фарид Гаибов – Әзербайжан Республикасының жастар және спорт министрі;

  • Сергей Ковальчук – Беларусь Республикасының спорт министрі.

Сонымен қатар жиынға халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері, жетекші технологиялық компаниялардың басшылары және әлемнің түкпір-түкпірінен келген сала сарапшылары жиналды.

Форум бағдарламасы аясында фиджитал спортты дамыту, халықаралық серіктестікті нығайту, цифрлық технологиялар, инновациялар және спорт индустриясының болашағына қатысты өзекті панельдік сессиялар өтеді деп жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл шара тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға және жаһандық фиджитал қозғалысын одан әрі дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық алаңға айналмақ.