Чемпиондар лигасы: Анарбеков тағы да ерледі
«Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті.
Алматылықтар Кипрдың «Омония» клубынан екі кездесудің қортындысында басым түсті. Орталық стадионға жиналған мыңдаған жанкүйердің қолдауы «Қайрат» футболшыларына қанат бітірді.
Қайраттың бір ойыншыға артық болуы тағдырдың оларға берген кезекті мүмкіндігі еді. Сары-қаралар бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Ойынның 37-минутында Луиш Матаның әуелеткен пасын Эдмилсон баспен түйіп, торға тоғытты. Осылайша, жалпы есеп теңесті. Екінші тайм мен қосымша уақытта «Омония» қорғанысқа көшті. Бір ойыншысы кем болса да, кипрліктер қателік жібермеді. Қосымша уақыттың 111-ші минутында қарсылас команданың екінші ойыншысы алаңнан қуылды.
Хеннинг Берг, «Омония» ФК бас бапкері:
- Әрине, 27 минутта ойыншымыз алаңнан қуылғаннан кейін аз құраммен ойнау өте қиын болды. Қосымша уақытта команда пенальти сериясында жеңіске жетеміз деп сенді. Біз қысқа пастар арқылы ойнап, шабуылдауға тырыстық. Алайда бүгін оны жүзеге асыра алмадық.
Допқа иелік ету, қауіпті сәттер – бәрі Қайраттың жағында болғанымен, екінші гол соғылмады. Барлығы пенальти сериясында шешілді. Алматылық команданың қақпашысы Темірлан Анарбеков бұл жолы да ерледі. Қарсылас команданың тепкен екі соққысын қайтарды. Осылайша, жалпы есеп 6:5 болып аяқталды.
Рафаэль Оразбахтин, «Қайрат» ФК бас бапкері:
- Он төрт күннің ішінде бес ойын өткіздік. Оның үстіне ұзақ сапарлар болды, үш матчты сырт алаңда ойнадық. Сондықтан жігіттерге оңай болған жоқ. Қазір оларға толық екі күн демалыс бердік. Олар тек физикалық тұрғыдан ғана емес, эмоциялық жағынан да тынықсын дейміз.
УЕФА Чемпиондар лигасының келесі кезеңінде алматылықтар Болгарияның «Левски» командасымен кездеседі. «Қайрат» бірінші ойынды 4 тамыз күні сырт алаңда өткізеді. Ал қарымта кездесу 11 тамыз күні Түркістан қаласында өтеді.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Эдуард Кон