Елордада Қазақстан футболын дамыту талқыланды
Елордада «Батыр жолы» атты ауқымды ұлттық конференция өтті.
Басқосуда халықаралық сарапшылар, Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының бапкерлері және ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары, оның ішінде Самат Смақов пен Нұрбол Жұмасқалиев еліміздегі футболды дамытуға қатысты өз көзқарастары мен ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров жүйелі реформалардың негізгі басымдықтарын айқындап, футбол қауымдастығының барлық өкілдерінің күш-жігерін біріктірудің маңызын атап өтті. Ал Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн жаңа стадиондар мен футбол академияларын салу жұмыстарын жалғастыру, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту және Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының деңгейін көтеру басты міндеттердің бірі екенін айтты.
Скотт Манн, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы:
- Футболдың дамуында спорттық инфрақұрылымның маңызы зор. Бүгінде Қазақстан чемпионатының жетекші клубтары өз жанкүйерлерімен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеріп келеді. Ала доп шеберлері әрбір матчты нағыз спорт-мерекесіне айналдырып, көрерменнің ықыласына бөленеді. Бұған «Қайрат» пен «Ордабасы» командаларының кездесуі дәлел. Мұндай ойындар қазақстандық клубтардың жақсы дайындығын көрсетеді.