Қазақстанда спортты қаржыландыру балалар мен жастарға бағытталды

Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға ден қойылып жатыр. Бұрын кәсіби спорт түрлеріне бөлініп келген қаражат енді жастар мен балаларға бағытталады.

Осылайша, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу көзделген. Салада тағы қандай өзгеріс бар?

Елде кәсіби клубтардың бюджеттерін шектеп, легионерлерге төлем жасауды тоқтатудың арқасында 8 миллиард теңгеден астам қаржы үнемделген. Бұл былтыр қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заң аясында жүзеге асып отыр. Бұл құжат салада ірі бетбұрыс жасап, қаржыландырудың ашық әрі әділ моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Юрий Мельниченко, Олимпиада чемпионы, «Спортшылар кеңесі» ҚБ атқарушы комитетінің төрағасы:

- Жүргізіліп жатқан реформаның арқасында бұрын жоғары жетістіктер спорт түрлеріне жете бермейтін қажетті қаражат бөлінді. Өйткені бұған дейін қаржының барлығы дерлік футбол, хоккей, баскетбол және басқа да кәсіби клубтарға жұмсалатын. Енді оларға берілетін қаражаттың бір бөлігі оңтайландырылды. Соның арқасында бірінші жылдың өзінде 8 миллиард теңге үнемделді. Бұл  балалар мен жасөспірімдер спортын толық қаржыландыруға жетеді.

Үнемделген қаражат болашақ чемпиондар дайындауға, яғни, балалар мен жасөспірімдер спортына бағытталды. Спорт мектептеріндегі бір тәрбиеленушіге жұмсалатын шығын көлемі екі есеге жуық өсіп, жылына 233 мыңнан 415 мың теңгеге дейін жетті. Реформаның басты бағыттарының бірі – жаттықтырушыларды қолдау. Олардың жалақысы 30 пайызға өсті. 3,5 мыңнан астам маман арнайы оқыту курсынан өтті. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту мақсатында арнайы тұжырымдама қабылданды.

Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:

- 2023-2029 жылға арналған тұжырымдама қабылданды. Тұжырымдаманың басты мақсаты халықтың спортпен айналысуын 50 пайызға жеткізу. Қазірдің өзінде біз 44 пайызға жақындап қалдық. Бұл дегеніміз қазіргі кезде аудандарда, ауылдарда салынып жатқан спорт кешендерінің жетістігі. Былтыр мысалы, 140-тан астам спорт орталықтары салынса, соның 80 пайызы ауылды аймақтарда салынды.

Яғни, бұқаралақы спортты дамыту үшін инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру керек. Былтырдың өзінде республика бойынша 520 футбол алаңы салынды. Ал биыл тағы 150-ден астам алаңның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Алматыда 45 мың көрерменді қабылдай алатын жаңа стадион бой көтермек. Ақтөбе, Шымкент және еліміздің өзге де өңірлерінде заманауи спорт ареналары салынып жатыр.

Скотт Манн, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы:

- Сапалы инфрақұрылым – футболды дамытудың негізі. Дәл осындай нысандар жанкүйерлерді стадионға тартып, әр матчты нағыз спорт мерекесіне айналдырады. Мұндай жағдай жасау командалардың деңгейіне тікелей әсер етеді. Отандық клубтар жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменге шын мәнінде бәсекелі әрі тартымды ойын ұсына алады.

Кәсіби клубтардың бюджетке салмақ салуын тоқтату үшін олар біртіндеп коммерциялық бағытқа көшіріліп жатыр. Премьер-лигадағы командалардың жартысына жуығы бүгінде жекеменшікке берілді немесе инвесторлардың басқаруына өтті.

Авторы: Серік Селеубайұлы