Азия ойындары-2026: Қазақстан бокс құрамасының тізімі жарияланды

Қазақстан бокс федерациясы Жапонияда 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманың ресми тізімін жариялады, деп хабарлайды  «24KZ». 

Алдағы маңызды додаға қатысатын ерлер мен әйелдер командасының құрамы белгілі болды, алайда бұл тізімге бірнеше танымал чемпиондар ілікпей қалды.

Ең тартысты жағдай 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде орын алды. Бұл салмақта бірден екі әлем чемпионы бақ таластырған болатын: тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов IBA нұсқасы бойынша топ жарса, жас талант Төрехан Сабырхан World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған еді.

Нәтижесінде бапкерлік штаб таңдауды Төрехан Сабырханның пайдасына жасады. Бұл шешім әлеуметтік желілерде түрлі пікір тудырғанымен, ҚБФ атқарушы директоры Рауан Игенев ешқандай сырттай қысым болмағанын, тек спорттық қасиеттер мен бәсекелестік басты назарға алынғанын атап өтті. Өз кезегінде Абылайхан Жүсіпов ресми іріктеу болмағанын жеткізгенімен, бапкерлер алқасының шешіміне түсіністікпен қарап, ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, басқа да бірқатар спортшылар жарыстан тыс қалды. Атап айтқанда, басқа бір әлем чемпионы Санжар Ташкенбай мен Азия чемпионы Дина Исламбекованың салмақ категориялары Азия ойындарының бағдарламасына енбеген. Осыған байланысты Санжар Ташкенбай спорттық мансабын кәсіпқой бокста жалғастыруға шешім қабылдады.

Азия ойындарына аттанатын ұлттық құрама тізімі:

Ерлер құрамасы: 


55 келі - Махмұд Сабырхан
60 келі - Оразбек Асылқұлов
70 келі - Төрехан Сабырхан
80 келі - Сабыржан Аққалықов
90 келі - Нұрбек Оралбай
+90 келі - Айбек Оралбай

Бас жаттықтырушы - Нұржан Насанов



Әйелдер құрамасы:

51 келі - Алуа Балқыбекова
54 келі - Назым Қызайбай
60 келі - Виктория Графеева
65 келі - Аида Әбікеева
75 келі - Наталья Богданова

Бас жаттықтырушы - Елдос Сайдалин

Сондай-ақ оқыңыз: