«Алтын доптың» басты үміткерлері жарияланды

Бүгін Елена Рыбакина US Open турнирінің жартылай финалдық жолдамасын сарапқа салады. Егер қытайлық теннисшіні ұтса, әлемдік рейтингте алғаш рет бірінші орынға көтеріледі.

Ол осыған дейінгі қарсыластарын қоғадай жапырып, барлығын айқын басымдықпен ұтты. АҚШ-тағы чемпионатта топ жарса, 5,5 млн доллар мен 2 мың рейтингілік ұпайға ие болады. 

Биылғы «Алтын доп» үміткерлерінің тізімі жарияланды. Оған әлемдегі ең үздік 30 футболшының есімі енген. Басты үміткерлердің қатарында қазіргі жүлде иегері франциялық Усман Дембеле мен Килиан Мбаппе, испаниялық Ламин Ямаль мен Родри және англиялық Харри Кейн мен норвегиялық Эрлинг Холланд бар. Жылдың үздік футболшысына берілетін «Алтын допты» табыстау рәсімі 26 қазан Лондонда өтеді.

Килиан Мбаппе, Франция құрамасының ойыншысы:

- Бұл – жеке жүлде. Футболшының жеке жетістіктері бағаланады. Адамдар менің ешқандай трофей жеңе алмағанымды айтады. Бірақ мен Әлем чемпионаттары тарихында үздік сұрмерген атанып, ең маңызды турнирде ұлы аңыздарды басып оздым. Мұны елемеу мүмкін емес. Бұл – әлемдік деңгейдегі тарихи оқиға. Тарих әрдайым марапатталуы тиіс. Мен кімге дауыс берер едім? Өзіме. Бірақ басқаларға да дауыс беретіндерді түсінемін.

Санжар Тәшкенбай 35-орынға көтерілді

Санжар Тәшкенбай WBC рейтингінде бірден 35-ші орынға көтерілді. Отандасымыз кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегінен кейін Дүниежүзілік бокс кеңесінің үздік спортшыларының қатарына енді. Дәл қазір жеңіл салмақта WBC тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атағы жапониялық Сёкити Иватаға тиесілі.

Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы дебютін 28 тамызда Астанадағы жекпе-жек кешінде өткізді. Ол Филиппин өкілін төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді. Қарсыласымен 10 раунд жұдырықтасып, бесінші және сегізінші кезеңдерде нокдаунға түсірді. Жерлесіміз осы жеңісінің арқасында WBA Asia аймақтық чемпиондық белбеуін иеленді.

Азия ойындарына баратын боксшылар анықталды

Жапониядағы Азия ойындарына қатысатын боксшылардың тізімі белгілі болды. Халықаралық додада ел намысын ерлер мен әйелдер құрамасынан 11 былғары қолғап шебері қорғайды. Атап айтқанда, ерлерден 55 келіде Махмұд Сабырхан, 60 келіде Оразбек Асылқұлов, 70 келіде Төрехан Сабырхан, 80 келіде Сабыржан Аққалықов, 90 келіде Нұрбек Оралбай және аса ауыр салмақта Айбек Оралбай тізімге енген. Ал әйелдерден 51 келіде Алуа Балқыбекова, 54 келіде Назым Қызайбай, 60 келіде Виктория Графеева және 65 келіде Аида Әбікеева, 75 келіде Наталья Богданова өнер көрсетеді.

Бокс бәсекесі 21 қыркүйекте басталады. Қазір спортшыларымыз Азия ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: