Алматыда тоғызқұмалақтан мерекелік жарыс өтті
Алматыда дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне орай мектеп оқушыларының арасында мерекелік жарыс өтті. Оған 200-ге жуық адам қатысты.
Еске сала кетейік, Алматы ресми түрде 2023 жылы «Дүниежүзілік тоғызқұмалақ астанасы» болып жарияланған. Содан бері қазақтың 4 мың жылдық тарихы бар ұлттық зияткерлік ойынының халықаралық деңгейде дамуына атсалысып, дәріптеп келеді. Бұл жолғы жарыс рапид форматында 5 тур бойынша өтіп жатыр. Әрқайсысының қорытындысы төрешілер алқасының шешімімен бекітіледі. Яғни тоғызқұмалақ қағидалары мен спорттық әдеп талаптарын сақтауға барынша мән беріледі. Шараның ұйымдастырушысы – Алматы қаласы Тоғызқұмалақ спорты федерациясы. Негізгі мақсат – ұлттық зияткерлік ойынды кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Әлихан Әшімақын, 6 сынып оқушысы:
- Тоғызқұмалақты алты жасымнан бері ойнап келемін. Ол кезде бірінші сынып оқығанмын. Мен ағамның артынан еріп келіп, тоғызқұмалақты үйрендім. Мен осы тоғызқұмалақтың арқасында математика пәнін жақсы көре бастадым. Себебі біз тоғызқұмалақ ойынында математиканы жақсы үйренеміз. Себебі тоғызқұмалақтың бәрі есеп.
Самат Қасымбеков, тоғызқұмалақтан бас төреші:
- Алматы облысынан, Жетісу облысы сияқты Алматы қаласына жақын жерлерден келіп жатыр. Қонақ ретінде Испаниядан да тоғызқұмалақ күніне орай қонағымыз келіп, тамашалап жатыр. Тоғызқұмалақ – сабырлыққа шақыратын ойын. Өйткені классикалық ойында бір жарым бір жарым сағаттан үш сағатқа дейін ойнайды. Ол адамды сабырлыққа шақырады.