Қазақстандық екі шахматшы Guba Open 2026 турнирінде әйелдер арасында үздік атанды
Қазақстандық шахматшылар Әзербайжанда өткен Guba Open 2026 халықаралық турнирінде әйелдер арасында үздік нәтиже көрсетті. 15 жастағы Мария Холявко әйелдер арасында бірінші орын алса, 19 жастағы Аяулым Қалдарова екінші орынға ие болды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Мария тоғыз партияның қорытындысы бойынша 6 ұпай жинады. Ол бес рет жеңіске жетіп, екі рет тең ойнап, екі партияда жеңілді. Осы нәтиже оны әйелдер арасындағы турнирдің үздігі атандырды.
Аяулым Қалдарова жарысты 5 ұпаймен аяқтап, әйелдер арасында екінші орын алды. Үшінші орын Әзербайжан өкілі Лала Гусейноваға бұйырды.
Guba Open 2026 – 2nd International Chess Festival 4-10 қыркүйек аралығында Әзербайжанның Губа қаласында өтті. Жарысқа 11 елден 76 шахматшы қатысты. Олардың арасында алты гроссмейстер мен он халықаралық шебер бар.
Жалпы есепте Мария Холявко 5-13 орындарды бөліскен шахматшылардың қатарында болды. Қосымша көрсеткіштер бойынша 12-орынға жайғасты.
Турнирді Әзербайжан шахмат федерациясы мен «Ağ Top» шахмат клубы бірлесіп ұйымдастырды. Жарыс халықаралық төреші, Губадағы шахмат мектебін ұзақ жыл басқарған Гудрат Исмаиловтың құрметіне арналды.
Жалпы есепте Әзербайжан өкілдері Мисратдин Искандаров пен Вугар Манафов 7 ұпайдан жинап, бірінші орынды бөлісті. Үшінші орын FIDE атынан өнер көрсеткен Михаил Можаровқа бұйырды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз