Қазақстанда фитнес-жаттықтырушыларға бірыңғай біліктілік талаптары енгізілмек

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда фитнес-клубтарда жұмыс істейтін мамандарға қойылатын бірыңғай біліктілік талаптары енгізілуі мүмкін. Туризм және спорт министрлігі «Фитнес-клубтардың қызметі» кәсіби стандартының жобасын әзірледі, деп хабарлайды 24KZ.

Құжат фитнес индустриясындағы қызметті жүйелеуге, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Стандарт жобасында фитнес-нұсқаушы, фитнес-жаттықтырушы, топтық бағдарламалар жаттықтырушысы, шебер-жаттықтырушы, фитнес бағытының әдіскері және фитнес-орталық директоры сияқты мамандарға қойылатын талаптар белгіленген.

Әр мамандық бойынша қажетті білім, кәсіби дағдылар мен еңбек функциялары айқындалады. Бұл мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және кәсіби деңгейін бағалау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жаңа талаптардың басты мақсаты – фитнес-клуб келушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни спортпен айналысатын азаматтарға қажетті білімі мен тәжірибесі бар мамандар кәсіби қолдау көрсетуі тиіс.

Кәсіби стандартты әзірлеуге Қазақ ұлттық спорт университеті, Invictus Academy және Champion Fitness School өкілдері қатысты.

Бұйрық жобасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен және дене шынықтыру және спорт саласындағы кәсіби біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен келісілген.

Министрліктің мәліметінше, кәсіби стандарт Қазақстанда фитнес индустриясын дамытуға және сала мамандарының біліктілігіне қойылатын талаптарды нақтылауға мүмкіндік береді.