Оралда студенттерге арналған спорттық кездесу өтті

Орал қаласының орталық стадионында жергілікті орта оқу орындарының студенттері танымал спортшылармен жүздесті.

Кездесуге әлем және құрлық чемпионаттарының жүлдегерлері, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары қатысты. Чемпиондар жастарға спорттағы жетістіктің сыры мен жеңіске жету жолдарын айтып, мақсатқа ұмтылу, тәртіп пен жігерді шыңдаудың маңыздылығына тоқталды. Шара «Спортпен шыңдал, есірткіден аулақ бол!» жобасы аясында ұйымдастырылды. 500-ге жуық студент эстафеталық жарыс пен командалық сайыстарда бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мұндай кездесулер алдағы уақытта да өтеді. 

Еркебұлан Нығмет, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері:

- Қазір спортпен айналысам дегендерге құрал-жабдықтың бәрі бар. Жастар спортпен айналысса деймін және нашақорлықтан, жаман әдеттерден аулақ болсын. Спортшыға керек басты қасиеттер –еңбек және төзімділік.

Бауыржан Бектұрған, «Әділет» партиясының БҚО филиалының директоры:

- Бұл шараны өткізудегі басты мақсатымыз – ең алдымен, жастарымызды спортпен шұғылдануға шақыру. Екіншіден, нашақорлықтың алдын-алу. Сонымен қатар Президенттің саяси бағытына сай жастарымызды қолдай отырып, олардың облысымыздың чемпиондарымен белсенді араласуын қалаймыз. Осы арқылы салауатты өмір салты мен тұрақты спортпен айналысу жастарымызды тәртіпке баулитынын дәлелдегіміз келеді.

Сондай-ақ оқыңыз: