Валерия Попелова Азия ойындарының финалында жүлдеге таласады

Валерия Попелова нысана көздеуден Азия ойындарының финалында жүлдеге таласады, деп хабарлайды «24KZ».

Ол 10 метрлік дистанцияда іріктеуден 575 ұпай жинап, 8-ші орыннан көрінді. Бұл көрсеткіші ақтық кезеңде өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өзге спортшылардан Нина Старова 43-ші орын алса, Сәуле Әлімбек 48-ші сатыға жайғасты.

Азия ойындарында Қазақстан құрамасы тағы 2 күміс медаль жеңіп алды

Азия ойындары аясында ұлттық құрама қоржыны тағы 2 медальмен толықты. Кристина Морозова спорттық жүрістен жартылай марафонда күміс еншіледі. Жеңіл атлет жарыста 1 сағат 35 минут уақыт көрсеткішімен мәре сызығын екінші болып кесті. Артынша стенд атудан Қазақстан әйелдер құрамасы да күміспен күптелді. Команда сапында Әсем Орынбай мен Адель Садақбаева, Зоя Пискун бақ сынады. Олар 274 ұпай жинап, екінші орыннан көрінді.

Бұл сында Қытай спортшылары топ жарса, Үндістан үздік үштіктен көрінді. Дәл қазір Қазақстан құрамасы 6 алтынмен жалпы есепте 4-ші орында тұр. Әдеттегідей Қытай 35 алтынмен көш бастаса, Жапония 11 алтынмен 2-орында келе жатыр. Ал Оңтүстік Корея 6 алтын, 5 күміспен үздік үштікте тұр.

Бүгін теннисшілеріміз Испаниямен ойнайды

Бүгін теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Испаниямен кездеседі. Ойын Қытайдағы Билли Джин Кинг кубогы аясында өтеді. Ел атынан Юлия Путинцева мен Анна Данилина, Жібек Құламбаева мен Соня Жиенбаева өнер көрсетеді. Жарыс 2 жекелей және 1 жұптық бәсекеден тұрады. Турнирдің финалдық кезеңі 27 қыркүйекке дейін өтеді. Әлем чемпионы атағы үшін 8 мемлекет бақ сынайды.

Юрий Щукин, теннистен ұлттық құраманың капитаны:

- Билли Джин Кинг турнирінің финалдық кезеңінде ел намысын қорғау біз үшін үлкен мәртебе. Испанияға қарсы кездесуді асыға күтіп отырмыз. Біздің құрама мықты және жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Испания сапында лайықты қарсылық көрсететін мықты теннисшілер бар екенін білеміз. Өте тартысты кездесу күтіп тұр. Сондықтан матчқа барынша дайындалып, үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз.

«Барыс» сырт алаңда «Динамоны» ұтты

Қазақстандық «Барыс» ресейлік «Динамодан» басым түсті. Астаналықтар Мәскеуге қонаққа барып, алаң иелерін 4:1 есебімен қапы қалдырды. Алғашқы кезеңде есеп ашылмады. Екінші кезеңде «Барыс» екі гол соқса, «Динамо» 1 шайбамен жауап қайтарды. Шешуші кезеңде елордалық ұжым тағы 2 гол соғып, есепті еселеді. Ойында Пилон дубль авторы атанса, Масси мен Бэйли бір-бір голдан соғып, көзге түсті. Осылайша, «Барыс» 7 ойында 10 ұпай жинап, өз дивизионында 1-орынға көтерілсе, жалпы есепте 6-ші орында келе жатыр. Енді 25 қыркүйекте Нижнекамскінің «Нефтехимигін», 27 қыркүйекте петерборлық СКА-ны өз алаңында қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыз: