Азиада-2026: Қазақстан қоржынында 26 медаль
Семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарының жартылай финалына өтті. Отандастарымыз ширек финалда сапы сайысы бойынша Гонконг спортшыларынан басым түсті. Есеп: 45-35.
Ел атынан Ирина Бакалдина мен София Николайчук, Владислава Андреева сынға түсіп жатыр. Ақтық кезең жолдамасын Қытаймен сарапқа салады. Ал ерлер құрамасы ширек финалда Жапонияға есе жіберіп, үздік 8 елдің қатарынан көрінді.
Ескек есушілер қола еншіледі
Байдаркада ескек есуден Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Жерлестеріміз 500 метрлік бәсекені 1 минут, 37 секундта бағындырып, үздік үштіктен көрінді. Команда сапында Ольга Шмелева мен Стелла Суханова, Татьяна Токарницкая мен Эвелина Костенко өнер көрсетіп, ел қоржынына 26-шы жүлдені салды. Бұл бағдарламада Қытай спортшылары топ жарса, Өзбекстан екінші болып мәре сызығын кесті. Сондай-ақ жүзуден Софья Сподаренко ақтық кезеңге өтті. Ол баттерфляй әдісі бойынша 50 метрлік дистанцияда бесінші орын алды. Сәйкесінше, бұл көрсеткіші оның финалда жүлдеге таласуына мүмкіндік берді. Дәл қазір Қазақстан құрамасы 8 алтын, 8 күміс, 10 қола медальмен жалпы есепте төртінші орында келе жатыр. Әдеттегідей Қытай 82 алтынмен көш бастаса, Жапония 21 алтынмен екінші орында. Ал Оңтүстік Корея 11 алтынмен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Бүгін екі боксшымыз жекпе-жекке рингке көтеріледі
Бүгін Азия ойындары аясында 2 боксшымыз жарыс жолына шығады. Әйелдерден 54 келіде Назым Қызайбай өнер көрсетсе, ерлерден 60 келіде Оразбек Асылқұлов шаршы алаңға көтеріледі. Екеуі де түскі сессияда жұдырықтасады. Жекпе-жектер Астана уақытымен 13:00 де басталады. Айта кетейік, кеше рингке шыққандардан Төрехан Сабырхан мен Алуа Балқыбекова алғашқы кездесулерінде жеңіске жеткен болатын. Әзірге ұлттық құрама сапынан тек Сабыржан Аққалықов жарыс жолынан шығып қалды.
Шахматшы қыздар Үндістанмен тең ойнады
Қазақстан құрамасы шахмат олимпиадасында жарыстың басты фаворитімен тең түсті. Қыздарымыз сегізінші турда Үндістанмен кездесіп, 2:2 есебі тіркелді. Команда сапынан Алуа Нұрман жеңіске жетсе, Бибісара Асаубаева мен Меруерт Қамалиденова қарсыластарымен тең тарқасты. Ал Елназ Қалиахмет Үндістан өкіліне жол беріп, ұпай жоғалтты. Осы нәтижеден кейін Қазақстан құрамасы жалпы есепте 14 ұпаймен екінші орында тұр. Қытайлық шахматшылар 15 ұпаймен жеке дара көш бастаса, Моңғолия мен Армения 14 ұпаймен жүлделі орындарға таласуда. Қыздарымыз бас аяғы сегіз ойын өткізіп, соның алтауында жеңіске жетті және олимпиаданың екі басты фаворитпен тең ойнады. Ал ерлеріміз Босния және Герцеговина құрамасымен кездесіп, 3:1 есебімен ұтты. Денис Махнев пен Сауат Нұрғалиев жеңіске жетсе, Даниял Сәпенов пен Алдияр Аңсаттың ойыны тең аяқталды. Қазақстан ерлер құрамасы әзірге 11 ұпаймен 33-ші орында келе жатыр. Олимпиаданың аяқталуына 3 тур қалды.