Азиада-2026: ел қоржынында 42 медаль бар

Айбек Оралбай қазақ боксшылары арасынан бірінші болып Азия ойындарының жартылай финалына шықты.

Аса ауыр салмақтағы отандасымыз ширек финалда қырғызстандық спортшымен жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Енді ақтық кезең жолдамасын Үндістан өкілімен сарапқа салады. 

Әртістік жүзуден Қазақстан құрамасы Азия ойындарындағы екінші қола жүлдесін жеңіп алды. 3 күнге созғылған аралас командалық бағдарламада спортшыларымыз 672 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді. Бұл сында Қытай спортшылары 857 ұпаймен бірінші орын алса, Жапония 821 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ кураштан, яғни өзбектің ұлттық спортынан Әділет Ахметғали жартылай финалға шықты. Ол ¼ айналымда Тайпей өкілімен шығып, 10:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Финалдық жолдамаға Өзбекстан спортшысымен таласады. Дәл қазір Қазақстан жазғы азия ойындарының жалпы есебінде бесінші орында келе жатыр. Ел қоржынында 9 алтын, 10 күміс, 23 қола бар. Әдеттегідей Қытай құрамасы 122 алтынмен көш басына жайғасса, Жапония спортшылары 37 алтынмен екінші орында. Оңтүстік Корея 21 алтынмен үздік үштікті түйіндеп тұр.   

Бүгін 5 боксшымыз жұдырықтасады

Бүгін Азия ойындары аясында 5 боксшымыз шаршы алаңға көтеріледі. Бесеуі де жартылай финалдық жолдамаларды сарапқа салады. Алдымен ұлттық құрама сапынан таңғы сессияда Алуа Балқыбекова жапониялық, Наталья Богданова өзбекстандық, Төрехан Сабырхан Ирак өкілімен жұдырықтасады. Түстен кейінгі сессияда Махмұд Сабырхан қытайлық боксшымен жекпе-жекке шықса, Нұрбек Оралбай өзбекстандық спортшымен айқасады. Әзірге отандастарымыздың арасынан аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай ғана финалға бір табан жақын тұр.

Қыздарымыз шахмат олимпиадасының 2 дүркін күміс жүлдегері атанды

Қазақ қыздары шахмат олимпиадасының 2 дүркін күміс жүлдегері атанды. Жерлестеріміз жарысты жеңіліссіз аяқтап, 200-ге жуық елдің арасынан 18 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Яғни 11 ойынның жетеуін жеңіп, төртеуінде тең түсті. Соңғы шешуші турда Польшамен кездесіп, 2:2 есебі тіркелді. Команда сапынан Елназ Қалиахмет жеңіске жетсе, Бибісара мен Меруерт тең ойнады. Ал Алуа Нұрман осы олимпиадада алғаш рет қарсыласына есе жіберді. Жалпы есепте Қытай қыздары 20 ұпаймен топ жарса, Үндістан 17 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Айта кетейік, қыздарымыз 2024 жылы Венгрияда өткен олимпиадада күміс еншілеген болатын. Ал ерлер құрамасы соңғы турда Вьетнаммен ойнап, 2:2 есебімен тең тарқасты. Олар 15 ұпаймен 20-30 орындар аралығына жайғасты. Бұл сында жарыс қожайындары Өзбекстан жеңімпаз атанса, Үндістан мен Германия 18 ұпаймен екінші, үшінші орындарды бөлісті.

«Барыс» қатарынан 2 ойында ұтылды

«Барыс» соңғы 2 ойында ұтылып қалды. Елордалық ұжым өз алаңында петерборлық СКА-ны қабылдап, 3:5 есебімен жеңілді. Алғашқы кезеңде қонақтар қатарынан 3 шайба соғып кеті. Артынша екінші кезеңде «Барыс» сапынан Всеволод Логвин есеп айырмасын қысқартқанымен қарсыластар тағы 2 шайба соғып, ойын тағдырын шешіп тастады. Бұдан кейін Логвин мен Симоновтың голдары отандық клубты құтқара алмады. Айта кетейік, Михаил Кравец шәкірттері осының алдында да «Нефтехимикке» 3:6 есебімен ұтылған еді. Енді «Барыс» 30 қыркүйек Қазан қаласына барып, «Ақ Барспен» кездеседі.

Сондай-ақ оқыңыз: