Қазақстанның 150 спортшысы V Азия Пара ойындарына қатысады
Қазақстанның 150 спортшысы Жапонияда өтетін V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды 24KZ Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
18-24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында V Азия Пара ойындары өтеді.
Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 12 түрінен бақ сынайды. Команда сапында отырып ойнайтын волейболдан 12, пара таеквондодан 8, пара дзюдодан 26, пара үстел теннисінен 12, пара оқ атудан 12, пара жеңіл атлетикадан 14, пара садақ атудан 9, пара жүзуден 21, арбадағы теннистен 3, пара пауэрлифтингтен 15, боччадан 5 және пара велоспорттан 13 спортшы бар.
Биыл Қазақстан құрамасы арбадағы теннистен Азия Пара ойындарына алғаш рет қатысады. Сондай-ақ пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар тұңғыш рет жарыс жолына шығады.
Ойындарға дайындық барысында қазақстандық спортшылар 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысты. Нәтижесінде 63 медаль жеңіп алған.
Қазақстандық пара спортшылардың алғашқы жарыстары 16 қазанда пара үстел теннисінен басталады. Ал V Азия Пара ойындарының ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласындағы Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.
Айта кетейік, биылғы Азия Пара ойындарына 45 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Жарыста спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.