Харри Кейн Бавариядан кеткісі келмейді
Англия құрамасының және Мюнхен Бавариясының сұрмергені Харри Кейн жәйлі жаз айынан бері әртүрлі әңгімелер айтылып жүр.
Біреулер Барселона жейдесін киеді екен десе, енді біреулері Англияға қайта оралып Алан Ширердің рекордын жаңартқысы келеді деп қалды. Ағылшын премьер-лигасында 260 гол соққан Ширерді басып озу үшін Кейнге бар болғаны 47 гол керек еді. Маусым сайын 30-дан аса гол соғатын шабуылшыға бұл соншалықты қиын шаруа емес. Бірақ Харри Кейннің өз жоспары бар екен. Ағылшын футболшысы Бавариямен келісім-шартын 2029 жылға дейін созбақшы. Үш жыл бұрын Тотенхэмнен ауысып келген аяқдопшының Бундеслигада бағы жанып Чемпиондық тәжбен қоса қатарынан екі жыл алтын бутсы иегері атанды. Енді алтын доп алсам деген де үміті бар. Басты қарсыласы біреу - Ламин Ямаль. Бавария сапында 154 ойын өткізген шабулшы 156 гол соғып үлгеріпті. Орда бұзар жастан асса да тепкені түзу ұшатын Харри Кейнге әліде сұраныс көп. Бірақ футболшы жылы орнында қала беруді жөн санапты.
Шұғыла қолаға қол жеткізді
Мұхиттың арғы бетінен тағы бір жағымды жаңалық жетті. Күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі палуандардың дүниежүзілік жарысында Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль түсті. Бүған дейін грек-рим күресі шеберлері 2 алтын 1 күміс 2 қола медаль алса, кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында қазақ қызы Шұғыла Өмірбекте жеңіс тұғырынан көрінді. Былтыр ғана дәл осы жарыста қарсылас шақ келтірмей әлем чемпионы атанған Шұғыланың биылғы қоласы алтынға бергісіз еді. Ширек финалда жапон қызына жол беріп қойған жерлесіміз жұбаныш белдесуінде моңғолия мықтысын ұтып қола жүлдеге күресуге мүмкіндік алды. Ал үшінші орын үшін Украина үкілеген Снежана Онуфриевамен белдесті. Алғашқы кезеңнен кейін қарсыласы 6:0 есебімен алда тұрды. Белдесудің аяқталуына 2 минуттай уақыт қалғанда Шұғыла шындап кірісті. Жеңіске деген жігер мінезі мен ерен еңбегінің арқасында жеңісті жұлып алды. Осылайша Шұғыла Өмірбек әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Майами Мессимен мақтанады
Барған жерінде жұрттың батасын алып жүретін Лионель Мессиді Майами тұрғындары да мақтан тұтады. Аргентиналық аяқдопшы келгелі «Интер Майамидың» қалай түлегенін білеміз. Қарсы келгендерді қоғадай жапырып, аз ғана уақыт ішінде АҚШ-тағы азулы командалардың біріне айналды. Родриго Де Пауль секілді футболшылардың Мессидің қасында жүріп екінші тынысы ашылса, Каземиро мен Суарес секілді ардагерлердің өзі Мессиге арқа сүйейді. Осының бәрін көріп біле тұра Месси менменсіген емес. Керісінше жасыл алаңда өзі де жанып салып ойнайды. Ал нәтижесі белгілі. Соңғы үш маусымда «Интер Майамидың» қоржыны бос қалған жоқ. Биыл да Месси және оның командасы топ жаруға тәуекел етіп отыр. МЛС лигасының 30-турында «Нью-Йорк Ситиді» 2:0 есебімен ұтқан Майами клубы плей-офф жолдамасына иелік етті.