Қазақстан әлемдік рейтингте көш бастады

Халықаралық семсерлесу федерациясы соңғы нәтижелерді саралап, әлемдік тізімді жаңартты. Оған сәйкес ел намысын қорғап жүрген жігіттер үшінші орыннан бірінші орынға көтерілді. Айта кету керек, Қазақстан құрамасы алғаш рет осындай жетістікке жетіп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан әлемдік рейтингте көш бастады. Халықаралық семсерлесу федерациясы соңғы нәтижелерді саралап, әлемдік тізімді жаңартты. Оған сәйкес ел намысын қорғап жүрген жігіттер үшінші орыннан бірінші орынға көтерілді. Айта кету керек, Қазақстан құрамасы алғаш рет осындай жетістікке жетіп отыр. Бұған дейін Франция, Италия, Венгрия және Швейцария сияқты елдер топ басында тұратын. Азия құрлығынан тек Жапония мен Корея ғана осындай құрметке ие болды. Енді бұл қатарға Қазақстан құрамасы қосылды. Қазақстан ерлер құрамасы соңғы бір жылдың өзінде Ислам ынтымақтастығы ойындарында, Азия чемпионатында, Әлем чемпионатында және Азия ойындарында топ жарды. Бұған қоса, күні кеше Мароккодағы Әлем кубогында Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов төрттігі жеңіс жолын жалғап, алтын жүлде жеңіп алды.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Қытайдағы рейтингілік турнирге қатысады. Ол былтыр дәл осы Нинбо қаласындағы WTA 500 санатындағы жарыста жеңімпаз болған еді. Енді рейтингтегі бірінші орнын сақтап, тізімдегі ұпайларын түгелдеу үшін осы жеңісті қайталауы қажет.

Алты боксшымыз жеңіске жетті

Жеті боксшымыз шаршы алаңға шығып, алтауы жеңіске жетті. Черногорияның Будва қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Оған аға бапкер Бақыт Сәрсекбаев 10 жігітті іріктеп апарған болатын. Яғни Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Жарыстың алғашқы күндері 55 келідегі Айдос Үсенов, 65 келідегі Ақжүрек Қалабай, 85 келідегі Руслан Ахметов және аса ауыр салмақтағы Владислав Саможоновтар жекпе-жектерін сәтті өткізіп, қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Ал күні кеше осы жеңіс жолын 60 келідегі Данияр Ақбисенов пен 70 келідегі Бибарыс Әшірбай жалғады. Тек 75 келідегі Әмір Рамазан, өкінішке орай, өзбек жігітінен жеңіліп, бәсекеден шығып қалды. Енді жарыс кестесіне сәйкес қалған жігіттер шаршы алаңға шығады. Будвадағы әлем чемпионаты 27-қазанға дейін жалғасады. Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік додаға 80 елден 550-ге жуық боксшы қатысып жатыр.

ҚХЛ: «Барыс» «Амурға» есе жіберді

«Барыс» «Амурға» есе жіберді. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін астаналық клуб сырт алаңдағы матчтар сериясын бастады. Михаил Кравец баптайтын жігіттер Ресейдің Хабаровск қаласына барып, жергілікті «Амур» командасымен кездесті. Алаң иелері ә дегеннен басымдықты өз қолдарына алып, «Барыс» қақпасына бес шайба соқты. Ал қазақстандық клуб сапынан Аңсар Шайхмедденов пен Джастин Бэйли мергендігімен көзге түсті. Қорытынды есеп: 5:2. «Барыс» ірі есеппен жеңілсе де, турнир тізіміндегі орнын сақтап қалды. Қазір ол шығыс конференциясының екінші сатысында тұр. Астаналық клуб енді Ресейдің Владивосток қаласына аттанады. Ол жақта «Адмирал» командасымен кездеседі. Матч ертең, яғни 21-қазанда өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз: