Қазақстанның футзал командасы Беларусь құрамасын жеңді
Қазақстан Беларусьті жеңді.
Футзалдан әлем чемпионатына іріктеу кезеңі біз үшін сәтті басталды. Рикардо Кака жаттықтыратын жігіттер өз алаңында, нақытырақ айтқанда, Астанада Беларусь құрамасын қабылдаған болатын. Матч аса тартысты өтті және оның барысында 9 гол соғылды. Әсіресе ұлттық құрама сапындағы Гомес Эдсон үш рет мергендігімен көзге түсіп, хет-трик авторы атанды. Бұған қоса Қазақстан құрамасындағы Альберт Ақбалыков пен Лео Игита таблодағы нәтижені еселеді. Ал қонақтар қарымта 4 доп соқты. Қорытынды есеп: 5:4. Енді қос команда 11 қарашада сырт алаңда қарымта кездесу өткізеді. Бұған қоса біздің топта Албания құрамасы бар. Яғни осы Қазақстан, Беларусь және Албания командаларының үздігіне әлем чемпионатының жолдамасы беріледі.
Сегіз боксшымыз жеңіске жетті
Сегіз боксшымыз келесі кезеңге өтті. Черногорияның Будва қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Оған аға бапкер Бақыт Сәрсекбаев 10 жігітті іріктеп апарған болатын. Яғни Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Міне сол 10 жігіттің 9-ы іріктеу кезеңдерін бастады және 8-і келесі кезеңге өтті. Жарыстың алғашқы күндері 55 келідегі Айдос Үсенов, 65 келідегі Ақжүрек Қалабай, 85 келідегі Руслан Ахметов және аса ауыр салмақтағы Владислав Саможоновтар жекпе-жектерін сәтті өткізді. Артынша жеңіс жолын 60 келідегі Данияр Ақбисенов пен 70 келідегі Бибарыс Әшірбай жалғады. Күні кеше Әділ Асқанбай мен Тимур Тайбеков та қарсыластарын ұтты. Енді нағыз тартыс басталады. Өйткені негізгі бәсекелестермен алдағы күндері жолығамыз. Будвадағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады.
Диас Кенжебек рекорд орнатып, алтын алды
Диас Кенжебек рекорд орнатып, алтын алды. Жапонияның Нагоя қаласында Азия Пара ойындарында жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасы бүгінге дейін 32 медаль жеңіп алды. Оның бесеуі алтын. Әсіресе жүзу шебері Диас Кенжебек керемет нәтиже тіркеді. Ол шалқалап жүзуде 100 метрлік аралықты 1 минут 1,98 секунд уақытта бағындырып, Азия рекордын жаңартты. Сәйкесінше Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Күміс және қола жүлделерді жапон жігіттері иеленді. Бұған қоса, Диас қоржынымызға бір күміс жүлде салды. Ол 200 метрге кешенді жүзуде мәреге екінші жетті. Бұл жерде бірінші орынды Жапония, үшінші орынды Иран спортшылары жеңіп алды. Нагоя қаласындағы кешенді ойындар 24 қазанға дейін жалғасады.