Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады
Сенбі күні Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады.
Дүниежүзілік жарысқа 135 елден 900-ден астам палуан келді. Мамандардың айтуынша, бұл рекордттық көрсеткіш. Үміткерлер арасында Олимпиада және әлем чемпиондары бар. Қазір "Барыс Аренада" соңғы дайындық жұмыстары пысықталып жатыр.
Палуандардың дүниежүзілік додасы о баста Бахрейнде өтеді деп белгіленген болатын. Бірақ геосаяси жағдайларға байланысты Біріккен күрес әлемінің шешімімен осы жылдың мамыр айында Астанаға ауыстырылды. Осылайша елордамыз екінші рет әлем чемпионатын қабылдағалы отыр. Алғаш рет 2019 жылы әлем мықтылары Астанада бас қосса, биылда 900-ден астам үміткер Барыс Аренада төселген боз кілемде бақ сынайды. Қазір жарыс өтетін кешенде соңғы дайындық жұмыстары пысықталып, шет мемлекеттен келген мамандар бақылау жұмыстарын жүргізуде.
Кадир Чалышкан, біріккен күрес әлемінің өкілі:
- Мен Астанаға 2019 жылы да келгем. Биыл да жолым түсіп отыр. Бүгін жарыс өтетін кешенді және жаттығу аймақтарын аралап көрдік. Аз ғана уақыт ішінде үлкен дайындық жүргізілгені көрініп тұр. Яғни Астана әлем чемпионатын қабылдауға тас-түйін дайын деп айтсам болады.
Күрес қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрлерінің бірі деп жатамыз. Сәйкесінше біздең елде палуандардың белдесуін асыға тосып жүрген жанкүйерлер де көп. Билеттер бағасы қолжетімді, дейді жарысты ұйымдастырушылар. Барлық ақпарат Қазақстан күрес федерациясының ресми парақшасында жазылған. Айтпақшы Барыс Аренаға келіп бағыңыз жанып жатса, баспана ұтып алуыңыз да мүмкін.
Қанат Атаманов, ҚР күрес федерациясының PR және маркетинг бөлімінің басшысы:
- Әлем чемпионаты қарсаңында Астана төрінде 40 тан аса елдің палуандары бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Қазақстан күрес академиясының залынан әлемдік жарыстарда атой салып жүрген кіл мықтыларды көзіміз шалды. Солардың бірі кубалық Олимпиада және әлем чемпионы Орта Санчесті әңгімеге тарттық.
Луис Альберто Орто Санчес, Олимпиада чемпионы:
- Ауа райы ғана салқындау демесем, мұнда спортшыларға барлық жағдай жасалыпты. Жарыс өтетін аренада болдық. Заманауи үлгіде салынған зәулім сарай екен. Жергілікті климатқа бой үйрету үшін біз Астанаға ертерек келдік. Мақсатым әлемді тағы бір мәрте мойындату.
Бес дүркін Олимпиада чемпионы Михайн Лопесті тәрбиелеген Кубаның атақты бапкері Рауль Трухильоның да Астанаға жолы түсіпті. 50 жылдан аса Куба құрамасын жаттықтырған білікті бапкер қазіргі таңда Біріккен күрес әлемінде қызмет істеп жүр екен. Қазақ еліне деген ыстық ықыласын жеткізді. Әйгілі шәкірті Михайн Лопес те Астанаға келіп әлем чемпионатының мәртебелі мейманы болмақ.