Қазақстандық пара дзюдошылар елге оралды
Азия Пара ойындарында чемпион атанып, жүлделі орындарға ие болған қазақстандық пара дзюдошылар елге оралды.
Жеңімпаздарды жанкүйерлері мен туыстары Алматы әуежайында салтанатпен қарсы ады. Жалпы Аичи–Нагояда өтіп жатқан жарыста еліміздің пара дзюдошылары 13 медаль олжалады. Оның 5-еуі — алтын, 1-еуі — күміс, 7-еуі — қола. Осылайша ұлттық құрама жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Ибрагим Нұрмаханұлы, Жұрқамырза Шүкірбеков, Зарина Раифова, Бексұлтан Құлмырза және Ақтолқын Сейілбекова алтыннан алқа тақты. Жанбота Аманжол күмісті олжалады. Бұдан өзге жеті қыз-жігітіміз қола медальді иеленді. Айта кетейік, V Азия Пара ойындарына Қазақстан атынан спорттың 12 түрінен 150 спортшы қатысты.
Бексұлтан Құлмырза, пара Азия ойындарының чемпионы:
- Белдесулер өте тартысқа толы, әр айналым өзінің қиыншылығын берді. Финалда Корея өкілімен шықтым. Барлығы жақсы болды. Ешқандай қарсыласым осал деп айта алмаймын. Барлығы қиын болды. Жеңіске Қазақстан құрамасы тыңғылықты дайындалып, командалық есепте бірінші орын алды. Бұл ағайлардың тұрақты жұмысы деп білемін.
Толқын Сейілбекова, пара Азия ойындарының чемпионы:
- Менде төрт кездесу болды. Кәріс қызы, өзбек қызы, Индонезия және қазақ қызымен, төрт рет күрестім. Оңай болған жоқ. Әсіресе өзбек қызымен, кәріс қызымен түскенде сәл тартысты болды. Сол жерде қазақтың гимнін айтқызуға тырысып, сол алтын медальді алып келдім қазақ еліне.