Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалғасып жатыр
Жарыстың үшінші күнінде грек-рим күресінен ұлттық құраманың төрт балуаны бозкілемге шықты, деп хабарлайды 24KZ.
Өкінішке қарай, ешқайсысы жартылай финалға өте алмады. 67 келіде белдескен Бағдат Сабаз тартысты кездесулерде екі мәрте жеңісті жұлып алғанымен, ширек финалда Париж Олимпиадасының чемпионы, ирандық Саид Эсмаилиге есе жіберді. Енді Бағдаттың жүлдеге таласу мүмкіндігі ирандық қарсыласының финалға шығуына байланысты болады. 63 келіде Мейрамбек Айнағұлов украиналық қарсыласынан кездесу соңында 7:9 есебімен жеңіліп қалды. Ал Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келіде армениялық балуаннан айласын асыра алмады. Аса ауыр салмақтағы Олжас Сырлыбай жұбаныш белдесуінде қарсыласы жарақатына байланысты шықпаған соң келесі кезеңге өтті. Дегенмен қола медаль үшін таласта қытайлық Цзян Вэньхаодан жеңіліп, жарысты аяқтады. Осылайша, біздің «классиктер» әлем біріншілігін екі медальмен аяқтады. Күні кеше Исхар Құрбаев пен Айдос Сұлтанғали ел қоржынына қос «қола» салған.