Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан жас спортшыларға кеңес берді

Үлкен жетістікке жету – кездейсоқтық емес. Мұның артында тынымсыз еңбек, тәртіп пен табандылық жатыр. Спортта биік белестерді бағындырып жүрген Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан соның айқын дәлелі.

Екеуі бір күнде Әлем чемпионы болса, артынша Азия ойындарында топ жарды. 

Медальдың екі жағы болатыны белгілі. Бір бетінде – жеңіс пен абырой, екінші бетінде – маңдай тер мен тынымсыз еңбек. Жанкүйерлер чемпионды мінберде, яғни мойнындағы медалі жарқырап тұрған сәтінде көріп, тани бастайды. Ал сол тұғырға көтерілу үшін қаншама тер төгіліп, қандай қиындықтардан өтетінін көпшілік біле бермейді.

Айбек Оралбай, Жазғы Азия ойындарының чемпионы:

- 7-сыныптан әке-шешеміздің қасынан кеткенбіз. Оларды көрмей, 8 жыл өміріміз жатақханада өтті. Ата-анамызды сағынып, үйге қайтқымыз келген кездеріміз болды. Соның бәріне шыдап, күніне 2 жаттығу жасап, мықты бола бастадық. Шаршап, кері қайтқымыз да келді. Интернатта оқығымыз келмеді. Сол кезде сөйтіп ойладық. Қазір қарап отырсам, өте дұрыс жасаппыз.  

Иә, жеңіс бір күндік еңбектің жемісі емес. Оның артында күн сайынғы қатаң тәртіп пен айқын мақсат, сын сағаттарда мойымаған мінез жатыр. Кейде жеңіліп, спортқа қолыңды бір-ақ сілтеп, бәрін тастап кеткің келетін кездер болады. Ондай сәтте аяққа қайта тұру маңызды. «Соның арқасында чемпиондыққа жетелейтін өжет мінез қалыптасады», - дейді Төрехан Сабырхан.

Төрехан Сабырхан, Жазғы Азия ойындарының чемпионы:

- Қиыншылықты 2026 жылдың басында сезіндім. Өйткені жасөспірімдер арасында карьерам басталғалы жеңіліс таппаған едім. Ересектер арасында 2026 жылы наурыз айында иорданиялық боксшыға есе жіберген соң қапаландым. Сол Азия чемпионаты қалай бітті өзіме солай мақсат қойдым. Ешқандай демалыс алмадым. Ағайымның, қазақ халқының, өз туған ағам Махмұд Сабырханның қолдауының арқасында Азия ойындарындағы бүкіл қарсыласымды 5:0 жеңіп шықтым. 

Қазір Айбек пен Төреханның бокстасу мәнеріне қызығып, оларды үлгі тұтатын жас буын қалыптасып келеді. Осы орайда қос Әлем чемпионы жас спортшыларға өз кеңестерін айтты. 

Айбек Оралбай, Жазғы Азия ойындарының чемпионы:

- Еңбек етіңіздер. Жаттықтырушылардың айтқанын тыңдау керек. Спортты таңдап, мақсат қойдың ба барынша апару керек. Еңбек етіп, мақсатқа жету керек. Армандай білу керек. 

Төрехан Сабырхан, Жазғы Азия ойындарының чемпионы:

- Бастап келе жатқан боксшылар алғашқы жарыстарын ұта алмай қалуы мүмкін. Қатарынан 2-3 жарыста ұтылуы мүмкін. Сондай кезде сынбаңыздар деп айтамын. Бокс ересектер арасында келгенде басталады. Өздеріңізді шыңдаңыздар. 2028 жылы Олимпиада алтын медалін қоржынға байлаған соң 2032 жылды өздеріңізге аманаттап, тапсырамыз. 

Бүгінгі жеңіс ертеңгі белестерге жол ашады. Бір кездері арман болған мақсаттың шындыққа айналуы спортшының өз қолында. Тек еңбек қана бәрін жеңбек.

Авторлары: Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат

Сондай-ақ оқыңыз: