Алматыда гандболдан әйелдер арасында Азия чемпионаты басталады
Қол добының шеберлері Алатау етегінде бақ сынайды. Алдағы дүйсенбіде Алматыда гандболдан әйелдер арасында 21-ші Азия чемпионаты басталады. Жарысқа он елден команда қатысады, деп хабарлайды 24KZ.
Биылғы бәсекеге Жапония, Иран, Қытай, Оңтүстік Кореядан спортшылар келеді. Таиланд пен алыстағы Австралия гандболшылары да ықылас білдіріпті. Үздік төрттіктен көрінгендер Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Қазір ұлттық құраманы Марина Пикалова жаттықтырады. Қыздарымыз қыркүйекте өткен Азия ойындарында төртінші орынға тұрақтаған. Азиаданың алтыны Оңтүстік Корея, күмісі Жапония, қоласы Қытай құрамасына тиген еді. Жарыс Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтеді. Бұл жолы біздің құрама есе қайтарады деген ойдамыз.
Гүлнара Тұрлыханова, қазақстандық гандбол спорт федерациялары қауымдастығының президенті:
– Финалға шығуға үміт артып отырмыз. Енді сайыс барысында қандай жағдай болатынын көреміз. Бұл – еліміздің деңгейі мен абыройын көтеретін маңызды жарыс. Сонымен қатар барлық ойыншыларымыз үшін үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін сайыс.