378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайда шахматтан ел чемпионаты өтті

  • 821
  • UPD: 10:35, 06.02.2017

Бурабайда шахматтан өткен ел чемпионаты өз мәресіне жетті.

Тоғыз күнге созылған додаға 8 бен 18 жас аралығындағы бас-аяғы 400-ден астам ұл-қыз қатысты. Дарынды балалардың арасында, тіпті, 5 жасар бүлдіршіндер де бар. Ал сайыста жүзден жүйрік деп танылғандар Бразилиядағы Әлем чемпионатына жолдама алды.

Астана қаласынан келген 5-сынып оқушысы Меруерт Қамалединова осы сайыстағы алғашқы жеңімпаздардың бірі. Олай дейтініміз, тоғыз күн бойы шахматшылар ойынның 3 түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Ал алты жасынан бастап, шахматты меңгерген Меруерт классикалық санатта қарсылас шақ келтірмеді.

Меруерт Қамалиденова, шахматшы (Астана):

- Осы чемпионатта мен 4-5 рет ойнап тұрмын. Дубайда мен 2-орын алғанмын. Ал Бразилия мен Сочида мен 3-орын алғанмын. Олар Әлем чемпионаты болған.

Жарысқа қатысқан 440 шахматшы жас ерекшеліктеріне қарай 6 топқа бөлініп сайысты. Олар еліміздің барлық өңірлерінен келген кіл мықтылар. Жалпы жарыстың қорытындысы бойынша 12 шахматшы Қазақстан чемпионы атанды. Ал ақтөбелік Алан Петухов шахматтың 3 түрінен де алтыннан алқа тағынды.

Алан Петухов, шахматтан Қазақстан чемпионы (Ақтөбе):

- Менің шахматпен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Бүгін, міне, 3 алтын медальге ие болып, қатты қуанып тұрмын. Ал менің негізгі арманым – Магнус Карлсенмен ойнап, оны жеңіп, Әлем чемпионы атану.

Павел Юрков, шахматтан Қазақстан чемпионатының директоры:

- Шахмат ойыны біздің елде жыл сайын дамып келеді. Әлемді таңқалдырған кешегі Жансая Әбдімәлік, Бибісара Сәдуақасова сынды мықтылар осындай турнирлерден шыңдалып шыққан. Сондықтан осы жарыста анықталған жеңімпаздардан алдағы уақытта зор үміт күтеміз.

Айта кетейік, осы сайыста 1-орын алған шахматшылар биыл жазда Бразилия мен Уругвайда өтетін Әлем чемпионаттарына қатысатын болса, 2-орын алған спортшылар наурыз айында Ташкенттегі Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы