Шетелдік БАҚ: ЭКСПО-ны аралау – болашаққа саяхат жасаумен тең

EXPO-2017 көрмесі  жер-жаһанның назарын Қазақстанға аударды. Әлемнің танымал ақпарат құралдары «Болашақ энергиясы» тақырыбының маңыздылығын жарыса жазып жатыр.

EXPO 2017 энергетикадағы маңызды жетістіктерді паш етіп қана қоймай, осы саладағы түйткілдерді шешуге мүмкіндік беретін алаң. Елордада өтіп жатқан халықаралық шарадағы Қытай павильоны ұлттық комиссарының пікірі осындай.

Ванг Цзиньжен бұл туралы әлемнің 100-ден астам мемлекетінде жаңалықтар тарататын «Си-Джи-Ти-Эн» телеарнасына берген сұхбатында айтты. 

Ванг Цзиньжен, EXPO көрмесіндегі Қытай павильонының ұлттық комиссары:

- Қытай энергияны көп тұтынатын мемлекет әрі оның ең ірі өндірушілерінің бірі. Соңғы жылдары аспан асты елі күн және жел энергиясын қолданатын технологияларды дамыту саласына көп инвестиция құйып отыр. Сондықтан да Астанадағы шараның тақырыбы бізге де етене таныс. ЕХРО 2017 көрмесіне энергетика саласындағы аса танымал қытайлық компаниялар қатысады.  

Еліміздегі халықаралық шара жайлы Беларусьтің ұлттық мемлекеттік телерадиокомпаниясы да жазды. Онда Астанадағы көрмеде озық технологиялар мен идеялардың үздік топтамасы көрсетілгені туралы айтылған. Сондай-ақ «ЭКСПО-ға барып қайту - уақыт машинасымен болашаққа саяхат жасау секілді. Бүгінде бұл технологиялардың көбінің тек түптұлғалары ғана көрсетілген. Алайда келешекте оның бәрі талай нысандарды жылытып, жарықтандыруға көмектесетін болады» деп жазылған. 

«EXPO 2017 көрмесіндегі инновациялар жасыл экономикадағы өрлеуді жеделдетуге бағытталған. Бұл табиғи ресурстарға бай елдер үшін аса маңызды. Болашақ энергиясы ортақ бір мақсат үшін адамзаттың күш біріктіруін көздейді». 

Еліміздегі айтулы шара жайлы тіпті шалғайдағы аралдар да жарыса жазып жатыр. Кариб теңізі мен Атлант мұхиты арасында орналасқан Сент-Люсия мемлекетінің орталық телеарнасы EXPO 2017 туралы мақала жария еткен. Онда «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясында өткізіліп жатқан көрме халықаралық қауымдастыққа энергетикалық мәселелерді шешуге өз септігін тигізетіні туралы айтылған.