388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ел клубтарының UEFA рейтингіндегі көрсеткіштері қандай?

  • 808
  • UPD: 23:04, 12.07.2017
Ел клубтарының UEFA рейтингіндегі көрсеткіштері қандай? vesti.kz

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (UEFA) клубтар арасындағы рейтингісіне бүгінде қарт құрлықтың 442 командасы енген.

Ал рейтинг соңғы 5 жыл ішінде Еурокубок жолындағы жарыстарға (Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы) қатысқан клубтар нәтижесі бойынша түзіледі.

Ел клубтары арасында бұл рейтингте жоғары көрсеткішке ие – «Астана». Елордалық команда соңғы 5 маусым ішінде бір рет Чемпиондар лигасы, бір рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнады. Қазақ футболы тарихында болмаған жетістікті бағындырды. Бүгінде Еуропаның үздік 100 клубы қатарында. Нақтырақ айтсақ, клубтар арасындағы UEFA рейтингінде 16.750 ұпаймен 94-орында келеді. Биылғы маусымда сәтті бақ сынаса, ұпай көрсеткішін арттырары сөзсіз.

«Астанадан» кейінгі орында «Ақтөбе» тұр. Команда өткен маусымда ала-құла ойнап, жүлделі орыннан көріне алған жоқ. Нәтижесінде 2006/2007 маусымнан бері Еурокубок ойындарында ел намысын қорғап жүрген команда бұл турнирден тыс қалды. Биыл команда тіпті Премьер-лигада қалу үшін жан баға бастады.

Еурокубок ойындарында ел абыройын асырған алғашқы команда –«Шахтер». Қарағандылық команда бірінші болып Еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шықты. Бүгінде 6000 ұпаймен 190-орында тұр. Биыл да еурокубок ойындарына қатыспайтынын ескерер болсақ, рейтингте бұдан да төмен құлдырайтыны рас.

Бүгінде қазақстандық жанкүйерлерді «Қайраттың» қарқыны қуантады. Дегенмен команда әзірге 5500 ұпаймен 210-орында келеді. Алматылық ұжымның осы маусымда нәтижесін жоғарылатуына зор мүмкіндігі бар.

Бұл командалардан өзге клубтар арасындағы UEFA рейтингінде «Ордабасы» мен «Ертіс» те бар. Шымкенттік ұжым бұл маусымды аяқтап үлгерді. Павлодарлық команда болса, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты.

Назарларыңызға үздік ондықты ұсынамыз:

1. «Реал» (Мадрид, Испания) – 151.799;

2. «Атлетико» (Мадрид, Испания) – 133.799;

3. «Барселона» (Барселона, Испания) – 128.799;

4. «Бавария» (Мюнхен, Германия) – 122.656;

5. «Ювентус» (Турин, Италия) – 119.049;

6. «Севилья» (Севилья, Испания) – 109.799;

7. «ПСЖ» (Париж, Франция) – 103.249;

8. «Боруссия» (Дортмунд, Германия) – 95.656 ұпай;

9. «Манчестер Сити» (Манчестер, Англия) – 94.363;

10. «Бенфика» (Лиссабон, Португалия) – 87.783.

Соңғы 5 маусым қорытындысы бойынша ең үздік көрсеткішке ие – «Корольдік клуб». Үш рет жеңімпаз атанды. Ең жоғары ұпай көрсеткіші бойынша рекорд та орнатты.

Ақпарат көзі: vesti.kz

Хабар 24 телеарнасы