ЕХРО алаңында Сенегалдың ұлттық күні өтіп жатыр

Бүгін EXPO-да Сенегалдың ұлттық күні. Бұл ел халықаралық көрме аясында Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға ниетті.

Биыл Африкадағы мемлекет жаңғыртылатын энергия көздерін өндіруге құйылатын қаржыны 20 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ күн мен жел энергияларын дамыту ісі алға қойылған. Бүгіннің өзінде Сенегалда үш күн электр стансасы бар. Олардың жалпы қуаты 72 мегаватт. Болашақта орталықтардың саны тағы ұлғаяды. Жоспар бойынша стансалардың жалпы қуаты 350 мегаваттқа жетуі керек. Мұның барлығы Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асып отыр. Сонымен қатар Сенегалда жалпы қуаты 175 мегаватт болатын екі бірдей жел паркінің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі Батыс Африкадағы электр қуатын өндіретін ең ірі нысан болмақ. Сенегалда биотехнологиялар өндірісі де жақсы дамыған. Олардың көмегімен елде 10 мың тонна этил спирті мен биоотын болып есептелетін 35 мың тонна материал шығарылады. Ол бананның қабығы мен қағаздан, яғни экологиялық таза заттардан жасалады.

Серік Қарабеков, Сенегалдың Қазақстандағы Құрметті консулы:

– EXPO көрмесіне Сенегалдан іскер азаматтар көп келді. Өздерінің бұрыннан бері айналысып келе жатқан өндірістерімен таныстырып жатыр. Оларда да біздің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» сияқты компаниялары бар. Біздің бизнесмендермен әріптестік орнатқысы келеді. Қазақ инвесторларына жобаларын таныстырып, сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделі. Қазіргі таңда саяси, медициналық, ауыл-шаруашылығы мен көлік құрылысы салалары бойынша түрлі деңгейде келіссөздер жүріп жатыр.