383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Айсұлудың» алдына түсер команда жоқ

  • 475
  • UPD: 18:49, 10.10.2017

Алматыда шайбалы хоккейден қыздар арасында Қазақстан біріншілігі басталды.

Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша, жергілікті «Айсұлу» командасы жеке дара көш бастады.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда қыздар хоккейінің халі мүшкіл. Ұлттық біріншілікте бар-жоғы 5 команда сынға түсуде. Шаппай бәйге алатын Алматының «Айсұлу» командасына биыл да тең келер қарсылас жоқ секілді. Кеше Рудныйдың «Горнягін» 35:0 есебімен ұтқан Александр Мальцев шәкірттері бүгін Астананың «Томирисін» 4:0 есебімен тізерлетті.

Александр Мальцев, «Айсұлу» командасының бас бапкері:

- Жарыс болған соң бәсекелестік болғаны жақсы. Ұлттық біріншіліктің деңгейін көтеру керек. Сонда ғана біздің ұлттық құрама командамыз халықаралық аренада табысқа жетеді. Біз «Айсұлу» командасының жастарын да жарысқа қостық. Аяқ алыстары жаман емес.

Биылғы жарысқа «Айсұлудың» жастар командасы да араласты. Әзірше тәжірибе жетіспейтіндігі байқалады. Алғашқы кездесуін Астананың «Томирисімен» өткізген алматылықтар 1:8 есебімен ұтылса, бүгін Өскеменнің «Торпедосына» 2:6 есебімен жол берді. Үзілісте қос команданың ойыншыларынан сұхбат алудың сәті түсті.

Аружан Кеңесова, «Айсұлу U-18» командасының қорғаушысы:

- Мен бұрын «Жұлдыз» командасында ойнаған едім. Енді «Айсұлудың» жастар командасына түсіп, ойнап жүрмін. Қазірге ойын қиынырақ болып жатыр. Ең бірінші мақсатым – ересектер сапына қосылу, хоккейді жалғастыру. 

Жәмила Асқарова, «Торпедо» командасының қорғаушысы:

- Қазақстан чемпионаты хоккейден басталды. Ойындар өте қиын. Барлық командалар бізбен жарысып, өте қиын болады. Біз көп дайындалдық.

Осындай жас қыздарымыздың шеберлігін тек үлкен жарыстар ғана шыңдайды. Ол үшін бәсекелестік қажет. Ал бәсекелестік болмай жарыс деңгейінің жоғарыламайтыны белгілі. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы